АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 19 страница

Май -жылуды нашар өткізеді, сондықтан ағзаны суықтан сақтайды, оның үстіне, едәуір серпімділік қасиетінің болуына байланысты, амортизациялық қызмет атқарады. Майлар тағамның дәмін жақсартады және ұзақ уақыт тоқтық сезімін береді.

Майлармен бірге ағзаға, маңызды роль атқаратын қосылыстар - фосфолипидтер және стеариндер түседі.

Фосфолипидтер, жасуша мембраналарының құрамына кіреді. Олардың гипохолестеринемиялық және липотроптық әсері бар. ОЖЖ дамуы үшін қажет. Ағзаға қажеттілігі, тағамның құрамында түсетін алдыңғы өнімдерінен немесе фосфолипидтердің ыдырау өнімдерінен эндогенді синтез арқылы қанағаттандырылады.

Стеариндер - жоғары молекулалы бір атомды спирттер. Олар бүйрек үсті және жыныс бездері гормондарының, өт қышқылдарының, Д дәруменінің синтезделуіне қатысады. Ең маңыздысы - холестерин. Ол жоғарыда айтылғандармен қатар, мембраналардың өткізгіштігін реттеуге қатысады. Холестерин бауырда синтезделеді. Зат алмасуы бұзылған кезде, ол атеросклероздың дамуына қатысатын фактор ретінде болуы мүмкін.

Майларды тұтыну нормалары. Майлардың орташа тәуліктік қажеттілігі, ақуыздардың қажеттілік нормаларына жақын. Ер адамдар үшін ол 70-154 г/тәулік (1,0-2,2 г/кг) аралығында, әйел адамдар үшін 60-102 г/тәулік (1,0-1,8 г/кг).

Жас адамдарға майлардың қажеттілігі жоғары (8.2. -кесте). Жұмыс ауырлығы артқан сайын, жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдерге және суық климаттық аймақтарда тұратын адамдарға, оның қажеттілігі жоғарылайды, ол егде жаста және ыстық климат жағдайында төмендейді.

Майлар тәуліктік рационның калориясын, орта есеппен 30 % шамасында қамтамасыз етуі қажет. Аймақтар бойынша ажыратқанда: оңтүстік аудандар үшін - 27-28 %, солтүстік аудандар үшін 35-40 %.

Май рационының биологиялық құндылығы, жеке түрінде жетіспейтін өмір сүру үшін маңызды құрам бөліктерімен бірін-бірі толықтырып отыратын, жануар текті майлар мен өсімдік майларын араластырып қабылдағанда жоғарылайды. Үлкен адамдардың рационына 70 % жануар текті, 30 % өсімдік майларын кіргізгенде, оптималды болып саналады, себебі, қанықпаған май қышқылдарының негізгі бөлігі -өсімдік майларында.

Үлкен адамдарға КҚМҚ (ПНЖК) қажеттілігі 3-6 г/тәулік (рационның калориясының 3 %), фосфатидтердің қажеттілігі 10 г/тәулік.

Үлкендерге қарағанда, майлардың қажеттілігі балаларға 2-3 есе жоғары. Бір жасқа дейін олардың қажеттілігі, ақуыздардың қажеттілігінен едәуір жоғары - 6,5-5,5 г/кг дене массасына (8.3. кесте) және 7 айлық жасына дейін жануар текті майлармен берілген. Бір жастан асқан балалар үшін майлардың қажеттілігі, ақуыздардың қажеттілігімен бірдей. Бұл жағдайда, жасына байланысты өсімдік майларының үлесі біртіндеп өсе береді: 7 айдан 3 жасқа дейін 10 %, 4-6 жаста –15 %, 7-10 жастағыларда және одан да үлкендерде –20%. КҚМҚ (ПНЖК) қажеттілігі үлкен адамдарға қарағанда, балалар үшін жоғары. Алмастырылмайтын линоль қышқылы 1 жасқа дейін тәуліктік рацион калориясының 4-6 % қамтамасыз етуі қажет, 1-3 жаста -4 %, 4 және одан да артық жаста –3 %.

Май көздері болатын азықтар. Ағзаға майлардың қажеттілігі, негізінен майлардың нағыз өзімен: өсімдік майларымен, сары маймен, малдың майларымен, сондай-ақ, тағамдық азықтардың (еттің, балықтың, бауырдың, жұмыртқаның, қаймақтың, т.б.) құрамына кіретін майлармен өтеліп отырады (8.6.- кесте). Дәнді дақылдардың құрамында майлар көп емес (2 % дейін). Көкөністер мен тамыр тұқымдыларда, тіпті жоқ деп айтуға болады (0,1 % және одан да кем). Жануар текті майлардың ішінде, құрамындағы майы 83 % дейін жететін, сүт майы және басқа да сүттен жасалған тағамдар жоғары бағаланады. Сүт майының құрамында КҚМҚ жоқ, бірақ А дәрумені, әсіресе жазғы айларда көп және біраз Д дәрумені де бар. Олар, жоғары дисперстілігінің арқасында жақсы сіңеді – 96-98 %. 100 грамының энергиялық құндылығы - 780 ккал. Ашытқан қаймақтың (сметана) құрамында 20-35 % дейін май бар. Калориясы жоғары, жеңіл сіңетін құрамында 10-20 % майы бар сүт өнімі - қаймақ (сливки). Сүзбе - сүттің табиғи жолмен ашуы кезінде немесе пастерленген сүтті ашыту арқылы алынады. Құрамында 0,5 % - дан (майсыз сүзбе) 18 % дейін (майлы сүзбе) майы бар. Сыр - іріген сүтті айрықша өңдеу жолымен дайындалады. 27 % дейін сүт майы бар, дәмдік сапасы жоғары, сіңімділігі де жақсы. Жануар текті майлардың басқа түрлері калориясының жоғарылығымен ерекшеленеді (100 г - 930 ккал), бірақ дәрумендер мен КҚМҚ (ПНЖК) аз, қиын ериді, сіңімділігі де нашар (еру t º шошқа майы – 40º, сиыр майы – 45º, қой майы –50º).

Өсімдік майлары- жоғары калориялы (100г - 930 ккал) КҚМҚ, фосфатидтерге, стеариндерге, Е дәруменіне бай, бірақ басқа майда еритін витаминдер жоқ. Рафиндеген кезде, тамақтық құндылығы төмендейді, себебі, фосфатидтер жойылып кетеді.

Фосфатидтер мен стеариндердің қажеттілігі, әр түрлі азықтардың есебінен қамтамасыз етіледі. Күнбағыс (1 % дейін), соя (4 % дейін) майлары, жұмыртқа (10 % дейін), сүт майы (0,4 %), дәнді дақылдардың ұрығы (0,6-0,7 %) фосфолипидтерге бай. Тазартылған өсімдік майларында және маргаринде фосфатидтер жоқ. Холестерин балықтың уылдырығында (4-14 %), тауық жұмыртқасының сарысында (1,7 %), мида, бауырда (0,3 %) көп.

Кесте.

Кейбір майлардың сипаттамасы мен құрамы

Майдың түрі Балқу темпе-ратура-сы Сіңім-ділігі % Құрамындағы қанықпаған май қышқылдары Құра- мын-дағы фосфа-тидтері % Құрамындағы дәрумендері мг %
Линоль Лино-лен Арахидон Е А
Сүт майы 28-350 93-98 06-3,6 0,4 дейін Ізі 0,3 дейін   1,5 дейін
Қойдың майы 45-500 74-84 3,0-4,0 - - - - -
Сиырдың майы 40-460 75-88 4,0 дейін - - - - -
Шошқаның майы 40-420   3,8 1,0 дейін 2,0 дейін -   -
Күнбағыс майы Сұйық 95-98   - - 1,0 дейін 70-120 -
Дәруменделген маргарин 30-330 93-98 18-25 - - 0,3 77-105 1,5

 

4.3. Көмірсулар. Биологиялық ролі. Көмірсулар, тағамның негізгі массасын құрайды. Олар моносахаридтер (глюкоза, фруктоза, галактоза), дисахаридтер (лактоза, сахароза, мальтоза) және тағамдық (гликоген, крахмал) және тағамдық емес (жасұнық, пектин заттары) полисахаридтер.

Көмірсулар, негізгі энергия көзі, ағзаға энергия қажеттілігін 50-60 % дейін қамтамасыз етеді 8.2.,8.3.-кестелер). Ағзада 1 г көмірсулар тотығуы кезінде 4,1 ккал (16,7 кДж) энергия пайда болады. Дене еңбегі кезінде, бірінші кезекте көмірсулар шығыны болады, олдардың қоры біткеннен кейін, ағза майларды пайдалана бастайды. Көмірсулар ақуыздарды сақтайды. Орталық жүйке жүйесі мен қаңқа еттері қызметтерін қалыпты атқаруы үшін, көмірсулардың үлкен маңызы бар, себебі, олар тез тотығады және жеткілікті деңгейде энергиялық потенциалды қамтамасыз етеді. Көмірсулардың майлар мен ақуыздардан айырмашылығы, олардың ми қыртысын тыныштандыратын әсері бар.

Көмірсуларға белгілі бір пластикалық роль тән: олар глюкопротейдтердің (муциннің және басқа да мукойдтардың, нуклеопротейдтердің (пентозалардың), цереброзидтердің (галактоза), ферменттердің, дәрумендердің, сондай-ақ, кейбір гормондардың (фоликулостимулдеуші, тиреотропты, эритропоэтин т.б.) құрамына кіреді.

Көмірсулардың антитоксикалық қызметінің де маңызы үлкен: гиалурон қышқылының құрамында, олар жасуша қабырғалары арқылы бактериялардың енуіне кедергі жасайды. Лактоза ішекте шіру үрдісін жүргізетін микрофлоралардың дамуын тежейтін сүт қышқылдық бактерияларының дамуына ықпал етеді. Көкөністер мен жемістердің құрамындағы пектин заттары мен жасұнық сияқты тағамдық емес көмірсулардың да детоксикациялаушы қасиеттері бар. Пектин заттары, химиялық табиғаты жағынан гликополисахаридтерге, ағзаға сіңетін еритін заттарға жатады. Олар улы заттарды сорбциялайды, қорғасыннан, т.б. металдардан уланудың алдын алуда қолданылады, сондай-ақ, ішектегі патогенді шіріткіш микроорганизмдерінің өсуін тоқтатады.

Жасұнық өсімдік жасушаларының қабықшаларының құрамына кіреді, ішек микроорганизмдерінің ферменттерімен ыдырауға түсіп, бірлі-жарымы сіңгенімен де, айтарлықтай қоректік маңызы жоқ. Жасұнық пен пектин заттары ішек перистальтикасын және секрециясын жақсартады, сөйтіп оның тезірек босауына ықпал етеді және іш қатуының, шіру және ашу үрдістерінің күшеюінің, қатерлі ісіктер пайда болуының алдын алады. Мұнымен қоса, олардың гипохолестеринемиялық әсері бар, себебі, артық холестеринді байланыстырып, оның сіңіуіне кедергі жасайды.

Жасұнықтың санына байланысты, барлық көмірсулы азықтарды құрамында “қорғалған” көмірсулары бар (крахмалы басым және жасұнығы 0,4%-дан артық) азықтарға және “қорғалмаған” немесе тазартылған (жасұнығы 0,4%-дан кем) азықтарға бөледі. Қорғалған көмірсулардың жасұнығы, көмірсулардың сіңуін және олардың майға айналуын төмендетеді.

Көмірсулардың жетіспеушілігі, денсаулық жағдайына теріс әсер етеді. Гипогликемия, энергиялық метериаларды тез жеткізіп отыруды бірінші кезекте қажет ететін ми мен еттердің энергиямен қамтамасыз етілуінің бұзылуына әкеп соғады. Бұл жағдай жалпы әлсіздікпен, ұйқышылдықпен, есте сақтаудың нашарлауымен, бас ауруы, ой еңбегі мен дене еңбегіне қабілетінің төмендеуімен білінеді. Көмірсулардың жеткіліксіздігі кезінде, майлар мен ақуыздардың тотығуының бұзылуы нәтижесінде, қанда олардың толық тотықпаған өнімдері - кетон қосылыстарының жиналуы және ацидоз пайда болуы мүмкін. Ағзаның инфекцияларға қарсылық күші төмендейді, көптеген дәрумендер мен минералды заттардың ағзаға түсуі азаяды, ақуыздардың, тағы да басқа тағамдық заттардың сіңуі нашарлайды.

Көмірсулардың қажеттілік нормалары. Ақуыздар мен майлардың қажеттілігімен салыстырғанда, көмірсулардың қажеттілігі 4-5 есе артық. Жұмысқа қабілетті жастағы ер адамдар үшін, ол орта есеппен 303-586 г/тәулік (4,3-8,4 г/кг массасына), әйелдер үшін – 257-462 г/тәулік (4,3-7,7 г/кг массасына).

Ақуыздар мен майлар сияқты, көмірсулардың қажеттілік нормалары да, ауыр дене еңбегін орындайтын адамдар мен жас адамдар үшін жоғары (8.2.-кесте). Қарт және егде жаста, қажеттілігі біраз төмендейді. Бала емізетін және жүкті әйелдердің рационына дене жұмысына белсенділігі мен жасы бойынша, қажеттілік нормаларына қосымша, 30-40 г көмірсулар енгізіледі.

Көмірсуларды қабылдау, ақуыздар мен майларды қабылдаумен балансталған болуы және оның үстіне, көмірсулардың өзінің де құрамы балансталған болуы қажет. Олардың келесі ара қатынастары оптималды деп есептеледі: крахмал – 75 %, жай қанттар – 20 %, пектин заттары - 3 %, жасұнық – 2 %. Қанттарды қабылдау, олардың қоректік құндылығынан басқа, ағзаға тәтті дәм сезілу қажеттілігін қанағаттандырады және орталық жүйке жүйесінің жағдайына қолайлы әсер етеді. Дегенмен, көмірсулардың көбі ағзаға полисахаридтер түрінде түсуі қажет, олар ыдырауға түсуі барысында, қанға біртіндеп аз мөлшерімен өтеді, бұл глюкозаның алмасуын жақсартады, қандағы қанттың тұрақты деңгейінің сақталуына ықпал етеді және ұйқы безі мен бауырдың зорлануына әкеп соқпайды. Оның үстіне, ағзаға қанттардың көп мөлшерін енгізген кезде (200 г және одан да артық), глюкозаның ассимиляциялық табалдырығынан асып кетіп, қанттың бір бөлігі бүйрек арқылы шығады.

Көмірсулардың балаларға қажеттілігі жоғары (8.3.-кесте), себебі, олардың ағзасында гликолиз үрдісі қарқынды жүреді. 1 жасқа дейінгі балалар үшін орта есеппен 1 кг дене массасына 13 г құрайды, 1-3 жаста 20-15 г/кг, 4-5 жаста – 14-16 г/кг, 14-17 жаста 8,5-6,2 г/кг. Бұл жағдайда, жеңіл сіңетін қанттардың мөлшері рационның құрамындағы жалпы көмірсулардың 20 %-нан аспауы керек және негізінен, өсімдік текті азықтардың есебінен қамтамасыз етілуі қажет.

Көмірсулардың көзі - азықтар. Көмірсулардың негізгі көздері -нан және басқа да ұннан жасалған тағамдық заттар, жармалар, бұршақ тұқымдастар, сүт және кейбір сүт тағамдары, көкөністер, жемістер, жидектер, қант, бал және басқалар.

Сүттің құрамында 4,7 % дейін қанты бар, ол жеңіл сіңетін көмірсу -лактоза түрінде. Лактоза Са, Мg, Р жақсы сіңуіне және В тобындағы дәрумендердің синтезделуіне ықпал етеді. Ішекте шіру үрдістеріне және патогенді микроағзалардың дамуына кедергі жасайтын микрофлоралардың (бифидум бактериялардың) дамуына ықпал етеді, яғни асқазан-ішек жолдарындағы шіру үрдістерінің алдын алады.

Нан- жоғары концентрацияланған тағамдық азықтардың бірі. Құрамында 45-50 % көмірсулары бар, негізінен крахмал, жасұнық түрінде. Нан арқылы рационның энергиялық құндылығының 1/3 бөлігі өтеледі. Наннан шықпайды, жақсы тоқтық сезім береді, тамақтық құндылығы жоғары, жоғары сұрыпты ұннан жасалған тағамдық заттарда көмірсулар көп. Олар жеңіл қорытылады, емдік емдәмнің құрамына және балалардың рационына жиі енгізіледі. Жармалар - әр түрлі дәнді дақылдардың дәндерінен жасалады. Олардың құрамында 60-70 % дейін крахмал және жасұнық түрінде көмірсулар бар.

Бұршақ тұқымдастардың құрамында 55 % дейін крахмал және жасұнық түрінде көмірсулар бар. Егер астық тұқымдастар мен бұршақ тұқымдастардың құрамында, көмірсулар крахмал түрінде болса, көкөністерде крахмал (картоп) және қанттар (сәбіз, қызылша т.б.) түрінде, ал жеміс-жидектерде, тек қанттар түрінде болады.

Көкөністер- ағзаға көмірсуларды жеткізіп отыратын негізгі азықтардың бірі. Картоптың құрамында 15-16 % дейін крахмал түрінде көмірсулар бар. Крахмалдың жоғары клейстерлеуші қасиеті бар, жеңіл сіңеді, соған байланысты ас қорыту жолдарындағы қабыну үрдістері кезінде оларды бүркеп қалатын зат ретінде қолданылады. Сәбіз, қызылша, қарбыз, қауын, қантқа (глюкоза, фруктоза, сахароза) бай (8-10 %), құрамында жасұнық және пектин заттары да бар. Көмірсуларға цитрус жемістері де бай - 8-10 %, апельсинде фруктоза мен глюкоза басым, мандаринде қанттар басым. Олардың құрамында жасұнық бар: мандаринде – 0,6 %, апельсинде - 1,4 % дейін. Алманың құрамындағы көмірсулар (11 % дейін глюкоза, фруктоза және сахароза түрінде, табиғаттан балансталған, сахароза ең азы (1,5 %), сондықтан гипергликемия тудырмайды және гиперхолестеринемиялық әсері жоқ. Құрамында едәуір мөлшерде пектин заттары мен жасұнық бар.

Жеңіл сіңетін көмірсулардың - глюкозалар (36 %) мен фруктозалардың (39 %) табиғи көзі – бал. Оның құндылығының себебі, құрамында аз мөлшерде барлық дәрумендер, минералды заттар, органикалық қышқылдар, ферменттер кездеседі және туберкулез, қан азайған кездерде, әлсіреген ауруларға, бауыр және өкпе ауруларына емдік зат.

Жеңіл сіңетін көмірсулардың, өсімдік текті азықтардан басқа көзі - қант (тек сахароза түрінде) мұраппа (варенье), джемдер (60-70 % қанттар), шоколад (50-60 % қанттар), кондитерлік заттар.

Минералды заттар.

Биологиялық ролі. Минералды заттар, тамақтанудың алмастырылмайтын құрам бөліктеріне жатады. Адам ағзасының тіндері мен сұйықтарында алпысқа жуық минералды элементтер табылған. Тіндердің құрамындағы мөлшеріне байланысты, олар макроэлементтерге - (құрамында 1 мг% артық Са, Mg, P, S, R, Na, Cl т.б.) және микроэлементтерге - (құрамында 1 мг% кем І, Cu, Zn, F, Mn, Co, Fe т.б.) бөлінеді.

Минералды заттар ағзада жүретін барлық биохимиялық үрдістерге қатысады, әр түрлі тіндердің құрылысына, әсіресе, сүйектің құрылысына қатысып, пластикалық қызмет атқарады, протоплазманың коллойдтық жағдайын қамтамасыз етеді, осмостық қысымды және сутегі иондарының концентрациясын қажетті деңгейде сақтайды, сонымен қатар аралық алмасу реакцияларының катализаторы болып табылады. Көптеген минералды заттар ферменттердің, гормондардың, дәрумендердің тағы да басқа биологиялық белсенді қосылыстардың құрамына кіреді, жасуша мембраналары арқылы химиялық заттарды тасымалдау үрдісіне, ет пен жүйке тіндерінің қозу үрдістеріне, қанның ұюына, т.б. қатысады.

Натрий және хлор. Қанда және тін сұйықтарында осмостық қысымды сақтауға, қышқылдық-сілтілік тепе теңдікті қамтамасыз етуге, жүйке-ет қозуына, жасуша ішілік және тін аралық алмасу үрдістеріне қатысады. Натрий хлориді, сондай-ақ, тағамның дәмін жақсартады және тамаққа тәбетті қоздырады.

Тағамда натрий хлориді жетіспеуі кезінде немесе термен, құсу, іш өту, күйік кездерінде, натрий хлориді көп жоғалған жағдайда, тіндердің сусыздануы жүреді, белоктардың ыдырауы күшейеді, асқазан сөлінің қышқылдығы төмендейді. Натрий мен хлор тұздарының көп болуы, ағзада судың ұсталуына ықпал етеді, сөйтіп, жүрек пен бүйрекке ауырлық түсуіне әкеп соғады.

Натрий хлоридінің тәуліктік қажеттілігі - 10-15 г, бұл қажеттілігі тағамдық азықтардың (3-5), нанның (3-5 г) құрамындағы тұздардың және тамақ дайындау үшін қолданатын, сондай-ақ, тамақ ішу кезінде дәміне байланысты қосылатын ас тұзының есебінен қамтамасыз етіледі.

Бүйрек ауруы, гипертония ауруы, ісіктер, қабыну үрдістері, семіру, стеройд гормондарымен емдеу кездерінде тұз қабылдауды шектеген жөн. Ыстық климат жағдайында, ыстық цехтарда жұмыс істегенде, термен натрий хлоридінің жоғалуының көбеюіне әкеп соғатын интенсивті дене жұмысы кезінде, ағзаға тұз енгізуді көбейту ұсынылады.

Кальций - сүйек жүйесіндегі басты құрылымдық элемент, қанның ұю үрдісіне қатысады, бірқатар ферменттердің активтілігін арттырады, қабынуға қарсы әсері бар. Сондай-ақ, кальцийдің жүрек еттерінің қалыпты қызметі мен жүйке жүйесінің қалыпты қозғыштық қызметі үшін маңызы үлкен.

Тағамда кальцийдің жеткіліксіздігі, бәрінен бұрын балаларда рахит, үлкен адамдарда остеомаляция түрінде білінетін сүйектену үрдісінің бұзылуына әкеп соғады. Халық арасында тіс жегі ауруы жиілейді.

Кальцийдің тәуліктік қажеттілігі 8.2., 8.3. - кестелерде келтірілген. Үлкен адамдар тәулігіне 800 мг-нан (11,4-13,3 мг/кг массасына) кем қабылдамауы қажет. Жүкті және бала емізетін әйелдер, қосымша тағы 300-400 мг алуы қажет.

Балалар үшін кальцийдің қажеттілігі жоғары (8.3. кесте). Дене массасының бірлігіне есептеген кезде, үлкен адамдарға қажеттілігімен салыстырғанда, 0-3 айлық жасында 10 есе, 4-6 айлық жасында 5 есе, 1-3 жаста 4 есе, 4-6 жаста 3-3,5 есе, 7-0 және 11-13 жаста 2-2,5 есе, 14-17 жаста 1,4-1,5 есе артық.

Тағамның құрамында фосфор, магний, калий, қымыздық және инозитфосфор қышқылдары көп кезде кальцийдің сіңуі нашарлайды, олар кальциймен ерімейтін қосылыстар түзеді, ішектен нашар сіңеді. Сондықтан, тағамдағы кальцийдің, фосфордың, магнийдің сандық ара қатынастарының маңызы үлкен. Кальций мен фосфордың ара қатынастары 1:1,5 және кальций мен магнийдің - 1:0,5 болса қолайлы деп есептеледі. Балалар үшін кальций мен фосфордың оптимальды ара қатынастары ретінде 1-6 айлық жасында 1,5:1, 6-12 айлық жасында 1,3:1, 1 жаста және одан кейінгі жастарында 1:1 қатынасы ұсынылады.

Кальцийдің сіңімділігіне, сондай-ақ, рационда майлардың көп болуы немесе жеткіліксіздігі де елеулі әсер етеді.

Кальцийдің негізгі көздері сүт, сүзбе, брынза, ашытылған қаймақ, ұйыған сүт, жұмыртқа, уылдырық (икра). Кальцийдің ағзаға тәуліктік қажеттілігін 500 мл сүт және 100 г сыр толық қамтамасыз ете алады. Бұршақ тұқымдастар, тары және жармалары, капуста, өрік, грек жаңғағы, миндаль да салыстырмалы түрде кальцийге бай. Сүтте және сүт өнімдерінде, орамжапырақта, алмада кальций мен фосфордың ара қатынастары қолайлы. Басқа азықтарда фосфор едәуір басым.

Фосфор - ағзада көптеген алмасу үрдістеріне қатысатын әр түрлі қосылыстардың (АТФ, АДФ, АМФ т.б.), биологиялық тотығу үрдісінде пайда болатын, энергияның аккумуляторы. Фосфор сүйек, ет, жүйке тіндерінің құрамында көп, ол кальциймен бірге сүйек тінінің негізін құрайды. Фосфор жүйке және ет тіндерінде жүретін алмасу үрдістерінде айрықша роль атқарады.

Үлкен адамдар үшін фосфордың қажеттілігі 1200 мг, балалар үшін ол жасына байланысты (8.2., 8.3. - кестелер).

Құрамында фосфоры ең көп тағамдық азықтар: сыр, сүзбе, жұмыртқа, уылдырық, қарақұмық және сұлы жармалары, бұршақ тұқымдастар, балық. Фосфордың сіңімділігі, тағамның құрамындағы кальций мен ақуызға байланысты. Астық тұқымдастардың құрамындағы фосфордың сіңімділігі нашар, себебі, ол олардың құрамында нашар сіңетін фитин қышқылы түрінде болады.


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 953 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.008 сек.)