АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 9 страница

Технологиялық іс-шаралар өнеркәсіп орындарында қалдықсыз немесе аз қалдықты, жабық циклді технологиялар жасауға, уытты заттарды уыттылығы аз заттармен алмастыруға, елді мекендерді тазарту технологияларын жақсартуға, қалдықтарды залалсыздандыруға, т.б. мақсаттарға бағытталған. Олар топырақтың ластануының алдын алады және топырақты санитарлық қорғау жөніндегі ең пәрменді шаралар болып табылады.

Жоспарлау шаралары қалдықтарды залалсыздандыру мен қайта пайдалануға арналған қондырғылардың құрылысы үшін жер телімін дұрыс таңдап алу, олардың айналасында санитарлық-қорғаныс аймақтарын орнату және сақтау, полигондардың территориясын аймақтарға бөлу, қалдықтарды тасымалдайтын автокөлік қозғалысының сызбасын таңдау мәселелерін шешеді.

Заңнамалық-шаралар орындалуының заңдық күші бар және заңдар мен өзге де заңдық күші бар құжаттар жүйесінде бекітілген іс-шаралар болып табылады.

Заңнамалық актілерде жерді пайдаланудың заңдық нормалары, қалдықтардың пайда болуы мен залалсыздандыру үрдістерің реттеу, әр түрлі мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілердің қызметтері мен құқықтары, олардың өзара әрекеттесулері, заң талаптарын орындамағаны үшін жауапкершіліктері, бекітіледі. Заңнамалық іс-шараларға сол сияқты, өзгеріп отыратын шынайы жағдайда топырақты санитарлық қорғау жөнінде жаңадан туындаған мәселелерді реттеуге бағытталған, мемлекеттік және ұлт аралық деңгейдегі жаңа заңдарды дайындау мен оларды қолданысқа енгізу де жатады.

Топырақты санитарлық қорғауда елді мекендерді қатты және сұйық қалдықтардан санитарлық тазартуға бағытталған санитарлық-техникалық іс-шараларға да үлкен гигиеналық мән беріледі (4.2.-бөлім).

Санитарлық бақылау топырақтың ластануының алдын алу жөніндегі, қалдықтарды залалсыздандыру, жою және қайта пайдалануға арналған құрылыстардың дұрыс ұйымдастырылуы, пайдаланылуы және күтіп ұсталуы, жерді рекультивациялаудың қауіпсіз әдістерін қолдану мен тиімді пайдалану жөніндегі барлық шаралардың орындауына жүргізіледі.

4.2. Елді мекендерді тазартудың гигиеналық негіздері. Елді мекендерді қатты және сұйық қалдықтардан санитарлық тазарту бір-біріне ұқсас кезеңдерден тұрады: қалдықтарды жинау, шығарып тастау, залалсыздандыру және өндеп, қайта пайдалану. Бірақ бұл кезеңдерінің мәні, әрине, қалдықтардың өздерінің сипатына қарай ерекшеленеді.

Қатты қалдықтардан тазарту. Қатты қалдықтарды (қоқысты) жинау және уақытша сақтау жоспарлы-аулалық және жоспарлы-пәтерлік жүйелер бойынша жүзеге асырылады. Жоспарлы-аулалық жүйеде тұрғындар қоқысты ауладағы қоқыс жинайтын жерлерге шығарады, ол жерден қоқыс тасымалдаушылар қоқысты әрбір 2-3 күн сайын залалсыздандырылатын және өндеп, қайда пайдаланылатын орындарға шығарады. Қазіргі уақытта жиі алмастырылатын қоқыс жинайтын контейнерлерді пайдаланады, бұл қоршаған ортаның ластануын азайтады. Жоспарлы-пәтерлік жүйеде пәтерлердегі қоқыс шелектерінде жиналған қоқысты тұрғындар белгілі бір уақытта үйдің жанына келетін қоқыс тасушы көлікке аударып салады. Жоспарлы-аулалық жүйенің кемшілігі, қоқыс жинау үшін арнайы жабдықталған алаңқайлар дайындау қажет болғандықтан, ауа мен топырақ ластанады, жиналған қоқыстар уақытында шығарылмаса, қалдықтар шіріп, шыбындар көбейіп кетеді. Жоспарлы-пәтерлік жүйе санитарлық жағынан анағұрлым тиімді, алайда, тұрғындар үшін қолайсыздықтар тудырады және тек бір-екі қабатты тұрғын үйлер үшін ыңғайлы. 5 қабаттан артық тұрғын үй ғимараттарында арнайы қоқыс төгетін құбырлар қарастырылады. Қоқыс құбырларының қоқыс қабылдаушы камераларында қоқыс жинайтын ыдыстардың саны жеткілікті болуы тиіс, қоқысқа толғанына қарай оларды қоқыс тасыйтын көліктермен шығарып отырады. Қоқыс құбырының барлық элементтері ақаусыз, қоқысты тиеу клапандары герметикалық қақпақтармен жабдықталуы керек. Қоқыс құбырының діңгегі аптасына бір рет тазаланып, жуылып және дезинфекция жасалып тұруы керек.

Қатты қалдықтарды шығару көп жерлерде автокөлік арқылы жүзеге асырылады. Шетелдерде, Швейцария мен Мюнхенде қатты қалдықтарды шығарудың жаңа әдісі – елді мекеннен тыс жерге құбырлармен пневматикалық тасымалдау енгізілген. Қатты қалдықтарды шығарудың мұндай жүйесі қол еңбегін, қоқыс жинағыштарда уақытша сақтауды кәжет етпейді және соларға байланысты салдарын болдырмайды, сондай-ақ аз жүк көтергіш автокөліктің қымбаттығына байланысты, ондай көлікпен автотасымалдауды пайдаланбауға мүмкіндік береді.

Қалдықтардан санитарлық тазартудың ең маңызды элементі, оларды залалсыздандыру болып табылады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандырудың барлық әдістері 2 топқа бөлінеді: өндеп, қайта пайдаға асыру және жою. Өндеп, қайта пайдаға асыру әдістері қоқысты залалсыздандырып қана қоймай, оның бағалы компоненттерін пайдаға асыруды да көздейтін болса, жою әдісі тек залалсыздандыруға ғана бағытталған. Қоқысты қайта пайдаға асыру кезінде қағаз бен шүберектерді қағаз өнеркәсібі үшін, метал бөліктерін металлургия үшін екінші рет пайдаланатын шикізат ретінде бөліп алады, өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарын қайта өңдеп, органикалық тыңайтқыштарға, биоотынға айналдырады, этил спиртін, химия өнеркәсібі үшін шикізат және т.б. алу үшін пайдаланады.

Қоладнылатын залалсыздандыру технологиясына байланысты қатты қалдықтарды залалсыздандыру әдістерінің келесі топтарын ажыратады:

· Биотермиялық (компостау, биотермиялық камералар, биотермиялық қайта өңдеу зауыттары, жетілдірілген қоқыс төгетін жерлер);

· Термиялық (қоқыс өртеу зауыттары, пиролиз);

· Химиялық (гидролиз);

· Механикалық (қалдықтарды құрамына қарай бөлу, әр қарай қайта пайдаға асыру, құрылыс блоктарын престеу).

Залалсыздандыру жүйесін таңдау көптеген факторларға байланысты: экономикалық шығындарға, қоқыстың құрамына және жинау жүйелеріне, қоршаған ортаны қауіпті қосылыстармен ластану қауп-қатеріне және т.б. Мысалы, қоқысты жинаудың екі жүйесі қолданылады: унитарлық (бірыңғай) және құрамына қарай бөліп жинау. Унитарлық жүйеде қоқыстың барлық бөлшектерін қоқыс жинақтағыштарға бірге салады. Бөлу жүйесінде тамақ қалдықтары, екінші реттік шикізат, полимер қапшықтар бөлек жиналады. Тамақ қалдықтары малға жем ретінде қолданылады, ал қоқыстың басқа құрамдас бөліктерін залалсыздандыру және қайта пайдаға асыру үшін алға қойылған міндеттерге байланысты тиісті әдістер қолданылады. Қоқысты өртеу, компостауға қарағанда, қымбат әдіс болып табылады, оның үстіне атмосфералық ауаны күлмен және уытты шығарындылармен ластайды. Алайда, егер, қоқыс өртейтін зауыттар қалаға барынша жақын орналасса, қоқысты көлікпен шығаруға жұмсалатын шығын мөлшері азаяды.

Қатты қалдықтарды залалсыздандырудың барынша рентабельді және санитарлық-гигиеналық тұрғыдан өзін-өзі ақтаған әдістерінің бірі биотермиялық әдістер болып табылады. Бұл әдістердің негізінде термофильді микроорганизмдердің қоқысты ыдырауға түсіруі жатыр, олардың тіршілігі арқасында қалдықтардың ішіндегі температура 50-70ºС–қа дейін жоғарлайды, бұл органикалық заттардың ыдырауы мен олардың қарашірікке айналу үрдісін де, патогенді және шартты патогенді микроорганизмдердің, гельминт жұмыртқаларының, шыбын жұмыртқалары мен личинкаларының жойылуы үрдісін де жылдамдатады. Ауа енуі жақсы, қалдықтарда ылғал мен оңай шіритін заттардың мөлшері жеткілікті, термофильдердің саны көп болған кезде, бұл үрдістің қарқындылығы күрт жогарылайды.

Биотермиялық әдістің ең қарапайым варианты,үй-жай учаскесінде, саяжайларда, компостау далаларында кеңінен қолданылатын компостау болып табылады.

Үй-жай учаскелерінде компост үшін тығыздалған саздан алаңқай жасалады, немесе терең емес етіп (0,5 м дейін) траншеялар қазылады. Компостың негізіне, қалыңдығы 10-15 сантиметр, компостаушы материал – торф, бақша топырағы немесе жетілген компост салынады. Осы қабаттың үстіне 15- 20 сантиметр етіп қоқыс қабаты салынады, оған дәретханадағы нәжісті, малдың қиын, құрғақ жапырақтарды, бұтақтарды, пәлекті және т.б. қосуға болады. Одан кейін қайтадан компостайтын материал қабаты мен қоқыс қабаты салынады, осылайша компост биіктігі 1-1,5 м –ге жеткенше жалғаса береді.

Шыбындардың көбейіп кетуінің алдын алу үшін компостың беті топырақпен немесе торфпен жабылады. Компосты үнемі белгілі уақыт өткен сайын жуынды суымен немесе сұйытылған көңмен ылғалдап отырады. Компостың жетілуіне 5 айдан 1,5 жылға дейін уақыт кетеді.

Тұрмыстық қалдықтарды биотермиялық әдістерімен орталықтандырылып өңдеу қаланың сыртында, қалдықтар бүкіл елді мекеннен жиналатын, компостау далаларында жүргізіледі. Қоқысты биіктігі 2 м және ұзындығы 25-30 м етіп қат-қабаттап үйеді, үстіне бір қабат жер немесе шымтезек төгеді және оның сыртын тесіктері бар полиэтилен пленкамен жабады. Компостау үшін eмдеу-алдын алу мекемелерінің қалдықтарын, мал дәрігерлік зертханалардан шыққан қалдықтарды, құрамында белсенді, уытты және дезинфекциялайтын заттардың, смола мен гудронның қоспалары бар қалдықтарды пайдалануға болмайды. Қат-қабат етіп компостау, жеке уй-жай учаскелерінде компостау сияқты, ұзақ мерзімге созылады, сондықтан оны қарқынды етудің әр түрлі әдістерін қолданады. Қат-қабаттарды желдететін өзектердің көмегімен аэрациялау, қалдықтарды алдын ала майдалау және ылғалдау, оқтын-оқтын аудару жүргізеді, бұл залалсыздандыру мерзімін 2-3 айға дейін қысқартуға мүмкіндк береді.

Қатты қалдықтарды жабық әдіспен биотермиялық камераларда залалсыздандыру кезінде органикалық заттардың ыдырау уақыты едәуір қысқарады (40-60 тәулікке дейін, ал қыздырған кезде – 12-20 тәулікке дейін). Қызған ауаны енгізу нәтижесінде, камерларда қолайлы температура режимі қалыптасады және ол оттегімен байытылады. Сондай-ақ, камераға дайын компосты қосу және қалдықтарды араластыру жолмен де залалсыздандыру уақытының ұзақтығын азайтуға болады

Қатты қалдықтарды залалсыздандырудың ең жаңа биотермиялық әдісі компостау зауыттарында залалсыздандыру болып табылады, ол жерде қоқысты өңдеу үрдісі іс жүзінде 5-6 тәулік ішінде аяқталады. Қалдықтарды компостаудың әр түрлі индустриалық әдістері бар. Олардың бірі айналмалы барабандарда компостау («Дано» фирмасының дано-стабилизаторларында, Дания) әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Зауыттардың қуаты – тәулігіне 5-тен 300 тоннаға дейін қалдықтар өңдейді. Қалдықтар үздіксіз ауа келіп тұратын, ақырын айналатын барабанға салынады. Компостау үрдісінің жылдамдауына аэрациялау, барабанның айналуы кезінде қалдықтардың араласуы және майдалануы, барабанның термооқшаулануы есебінен үнемі жоғары температура сақталуы арқасында қол жеткізіледі.

Сондай-ақ, майдаланған қалдықтарды көп қабатты ферментеушілерде компостау әдісі де қолданылады. Қалдықтар алдымен ферментеушінің жоғарғы қабатына береді, ол жерден компосталатын масса қабаттары арасындағы жалюзді торлар ашылғанда төмен орналасқан қабаттарына өтеді. Әрбір қабатында, табиғи немесе жасанды аэрацияны жүргізіп, массаны 1 тәулік бойына ұстайды. Қатты қалдықтарды биотермиялық залалсыздандырудың қайта пайдаға асыру әдістерінің көп артықшылығына қарамастан, әзірше жоятын - жетілдірілген қоқыс төгетін жерлерде немесе сыйымдылығы жоғары полигондарда көму кеңінен қолданылатын әдіс болып қалып отыр (5.1.-сурет). Мысалы, АҚШ-та қоқыс төгетін жерлерде қатты тұрмыстық қалдықтардың 85% дейінгі, Батыс Европа елдерінде – 50-89% залалсыздандырылады, ал компостау арқылы бұл елдерде қалдықтардың 2-3-тен 18-19%-ға дейінгі бөлігі қайта пайдаға асырылады. Қоқыс төгетін жерді елді мекеннің сыртында, рекреациялық аймақтардан және ауыз сумен қамтамасыз ететін су көздерінен қашық жерлерге орналастырады. Бұл үшін карьерлер мен шұңқырлар, сайлар пайдаланылады немесе арнайы терең шұңқырлар қазылады. Жер қыртысының терең қабаттарына ластаушы заттар өтуінің алдын алу үшін шұңқырдың түбінде су өткізбейтін сазды топырақ немесе жасанды қабат болуы керек. Шұңқырдың түбіне сүзінді жиналатын дренаж салынады. Қалдықтарды топырақ қабаттарымен кезектестіріп, қалыңдығын 1,5-2 м етіп салып, бульдозермен тығыздайды. Қоқыстың жобадағы биіктігіне жеткен соң, оны жоғарғы жағынан грунт және топырақ қабатымен жабады, қалдықтар желмен ұшып және сумен шайылып кетпеуі үшін жасыл желектер отырғызылады. 500 м кем емес санитарлық-қорғаныс аймағы орнатады.

 

 

 

5.1. – сурет. Жер асты сулары қорғалған жетілдірілген қоқыс төгетін жер.

 

Полигондарда залалсыздандыру анаэробты жағдайларда ұзақ уақыт – 15-20 жыл бойына жүреді. Залалсыздандыру барысында үздіксіз уытты биогаздар: метан, аммиак, күкіртcутек, көміртегінің диоксиді және т.б. түзіліп, атмосфералық ауаға бөлінеді. Ауада сондай-ақ, әр түрлі биологиялық ластаушылар – бактериялар, саңырауқұлақтар, актиномицеттер болады. Полигоннның бүкіл қалындығында, құрамында концентраиялары жоғары органикалық заттардың биохимиялық ыдырау өнімдері, уытты металдардар, көмірсутектер, кетондар, спирттер, органикалық қышқылдар бар, сүзінді пайда болады.

Тіпті талапқа сай пайдаланған кезде де, полигон үй және дала кеміргіштерінің, шыбындар мен масалардың тіршілік етуі үшін жақсы орта болуы мүмкін. Бұл әдістің бір кемшілігі, сондай-ақ жердің үлкен ауданын шаруашылық айналымнан шығаратындығы болып табылады.

Термиялық жолмен ыдырату қатты тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандырудың тез және радикалды әдістерінің бірі болып табылады. Термиялық залалсыздандыру әдістеріне қоқысты өртеу мен пиролиз жатады. Қоқыс өртеу арнайы құрылымын бұзатын пештерде, 900-10000С температурада жүргізіледі, бұл кезде қалдықтардың құрамындағы барлық дерлік қосылыстар толық ыдырайды, түзілген жылуды электр энергиясын өндіру үшін пайдалануға болады. Алайда, қоқыс өртеу кезінде атмосфералық ауаны, топырақ пен суды ластайтын шлак, күл және түтінді газдар пайда болады. Орташа алғанда, 1 тонна қалдықты өртеген кезде, 300 кг шлак және 6000 м3 түтінді газ түзіледі. Шлактың құрамында әдеттегі минералды компоненттермен қатар, ауыр металдар мен диоксиндер де кездеседі. Тазарту әдістеріне қарамастан, қоқыс өртегіш зауыттар шығаратын түтінді газдардың құрамында азот, күкірт, көміртек оксидтері, фторлы сутек және өте қауіпті заттар – диоксиндер мен дибензофурандар болады. Сондықтан да, күлді, уытты өндірістік қалдықтар сияқты арнайы полигондарда жинақтау және ауаға қауіпті өнімдердің түсуінің алдын алатын түтінді газдарды барынша күрделі тазарту қажеттілігі туындайды.

Термиялық залалсыздандырудың көбірек келешегі бар және экологиялық тұрғыдан таза әдісі пиролиз – органикалық заттарды оттексіз ортада, химиялық реагенттер қоспай, жоғары 1200-1640ºС дейін жететін температурада ыдырату. Пиролиз үрдісінде жанғыш газдар, мұнай тәрізді майлар және жанбайтын шлактар түзіледі. Үрдіс жабық аппараттың ішінде жүреді, сондықтан атмосфераға зиянды заттар аз бөлінеді, ал шлактар инертті болғандықтан, оларды жол құрылысында немесе құрылыс материалдарын өндіруде пайдалануға болады. Пиролиз барысында пластмасса, резеңке сияқты проблемалы қалдықтар да ыдырайды.

Өнеркәсіптік қалдықтарды залалсыздандыру ерекшеліктері. Барлық өнеркәсіптік қалдықтар қайта пайдаға асырылатын және пайдаға асырылмайтын болып екі топқа бөлінеді. Қайта пайдаға асырылатын қалдықтар жойылмайды және көмілмейді, олар халық шаруашылығының әр түрлі салаларында отын, құрылыс материалдары ретінде, екінші реттік шикізат, тыңайтқыштар және т.б. алу үшін пайдаланылады. Мысалы, ЖЭО қалдықтары мен металлургиялық кәсіпорындардың шлактарынан жеңіл бетон толтырғыштар, минералдық талшықтар, цемент, изоляциялық материалдар алуға болады. Пайдаға асырылмайтын қалдықтар адамның денсаулығы үшін қауіпті болып табылады. Оларды залалсыздандыру қалдықтардың қауіптілік класына байланысты, бірақ әлемнің барлық елдерінде қауіптіліктің әрбір класына қойылатын талаптарға сәйкес, негізгі әдіс - термиялық өңдеу және арнайы өндірістік полигондарда көму болып табылады.

Сұйық қалдықтардан тазарту. Сұйық қалдықтарды жинау, сақтау және жою үшін екі жүйе пайдаланылады :тасып әкететін (ассенизациялық) және канализациялық (ағызып жіберетін). Тасып әкететін жүйеде сұйық қалдықтар шұңқырларда және дәретханаларда жиналады, содан кейін көлікпен елді мекеннен тыс жерге шығарылады. Канализациялық жүйеснде үй ішіндегі қабылдағыштар: унитаздан, қол жуғыштан, ас үйден, жуынатын бөлмелерден шығатын сұйық қалдықтар құбыр арқылы қала сыртында орналасқан тазарту қондырғыларына жіберіледі.

Канализациямен жабдықталмаған ғимараттар үшін дәретхананың ең жақсы типі ғимарат ішінде орнатылатын люфтклозет болып табылады. Сұйық қалдық дәретханадан ағызатын құбыр арқылы желдетіліп тұратын шұңқырға келіп түседі. Желдеткіш үй- ішіне исі жағымсыз газдардың енуінің алдын алады, сондай-ақ қалдықтардың сұйық бөлігінің булануын күшейте отырып, олардың жалпы көлемінің азаюына жағдай жасайды. Аула дәретханалары, санитарлық талаптарды қанағаттандыра алмайды, өйткені олар шыбындардан, кемірушілердің енуінен қорғалмаған, тазартылуы қиын, жағымсыз иісі болады, дұрыс орнатылмаған жағдайда қоршаған ортаны ластаушы заттардың көзі болып табылады. Аула дәретханалары тұрғын үй құрылыстарынан 20 м кем емес қашықтықта орналасуы тиіс. Шұңқырдың түбі су өтпейтін болуы тиіс, оның қабырғалары кірпіштен қаланады немесе бетондалады, түбі 30 сантиметрлік саз балшық қабатымен жабылады. Газдарды шығару үшін шұңқырға сорғыш құбыр орнатылады. Қоғамдық дәретханалардағы қалдықтарға күнделікті құрғақ хлорлы ізбес себілуі, едені, тұтқалары, қабырғалары әлсін-әлсін дезинфекцияланып тұруы керек. Сұйық қалдықтарды төгуге арналған шұңқырлар да дәл осылай жасалады. Шұңқырлар 1-2 айда 1 рет тазартылуы керек.

Шұңқырдағы сұйық қалдықтарды, пневматикалық соратын жүйемен жабдықталған, ассенизациялық көлікпен тасып әкетеді.

Канализациямен жабдықталмаған елді мекендерде сұйық қалдықтарды залалсыздандыру үшін көбінесе, ассенизация және жерді жыртып тастайтын алаңдарда залалсыздандыратын топырақтық әдістері қолданылады. Жерді жыртып тастайтын алаңдарда, тек қана, топырақтың өздігінен тазару қасиеттерін қолдануға негізделген, қалдықтарды залалсыздандыру жүргізіледі. Ассенизация алаңдарда қалдықтарды залалсыздандырумен қатар, ауыл шаруашылық өнімдерін өсіру де қатар жүргізіледі. Ассенизация алаңдарының аумағы бірнеше учаскелерге бөлінеді. Олардың біреуіне қалдықтарды төгіп, залалсыздандыру үшін 2 жылға дейін созылатын уақытқа қалдырады. Органикалық ластаушы заттардың минералдануы аяқталған басқа учаскелерінде ауылшаруашылық дақылдары өсіріледі, бірінші екі жылында - техникалық немесе мал азығы, ал үшінші жылы – көкөніс дақылдары, себебі қалдық төккеннен кейін бірінші жылы топырақта және көкөністерде тіршілікке қабілетті патогенді микроорганизмдерді анықтауға болады. Ауылдық елді мекендерде қалдықтар көбінесе залалсыздандырылмай тұрғындардың үй-жай учаскелерінде тыңайтқыш ретінде пайдаланылады, бұл, осы жерде өсірілген көкөністерге, жидектерге, түнек тамырлыларға қозддырғыштар жұғуына себепші болады. Залалсыздандыру үшін компостауды қолдану немесе қалдықтарды күз кезінде топыраққа енгізіп, жерді жыртып тастау және көктемде жерді қайтадан аударып, жырту ең дұрысы болып табылады.

Канализациялық жүйесі сұйық қалдықтарды жинаудың, жоюдың және залалсыздандырудың ең ұтымды жүйесі болып табылады, өйткені қалдықтар мен қоқыстар құбырлармен ағып кететіндіктен, ауа, топырақ, жер асты және жер беті сулары ластанбайды.

Канализация деп, ағынды суларды жинау, оларды құбырлар арқылы елді мекеннен тыс жерге шығару, залалсыздандыру мен суаттарға немесе жер учаскелеріне ағызуды қамтамасыз ететін құрылыстар мен санитарлық шаралар жүйесіін түсінеді. Канализация жүйесінің жалпы ағызатын, жеке-жеке ағызатын (толық және толық емес), жартылай жеке-жеке және аралас сияқты, түрлерін ажыратады. Жалпы ағызатын жүйесінде тұрмыстық, өнеркәсіптік ағынды сулар және жауын-шашынның сулары бір құбырмен ағады, демек олардың бәрі де залалсыздандырылады. Бірақ, жүйеге нөсер жаңбыр мен еріген қар суы есебінен артық жүктеме түскен кезде, атмосфералық және ағынды сулардың қоспасы коллекторларда жабдықталған нөсер суларын ағызып жиберетін құрылыстардан суаттарға тазартусыз ағып кетуі мүмкін. Бұдан басқа, жер бетіліндегі ағынды сулардың құрамында көп мөлшерде механикалық қоспалар болады, бұл тазартатын құрылыстардың жиі бітелуіне әкеп соғады. Жеке-жеке канализация жүйесінде атмосфералық суларды өз алдына бөлек жүйемен немесе шартты түрде таза өндірістік сулармен бірге ағызып жібереді, ал шаруашылық-тұрмыстық сулар және ластанған өндірістік сулар – құбырдың басқа жүйесімен ағызады. Толық жеке-жеке ағызатын жүйесі бірнеше өз алдына бөлек жүйелерді қарастырады:


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 3134 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.007 сек.)