АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 15 страница

Желдетудің табиғи және жасанды түрлері бар. Табиғи желдету кезінде ауа бөлмеге табиғи жолмен беріледі және шығады, ал жасанды желдету кезінде - механикалық қоздырғыш құралдар көмегімен іске асырылады.

Тұрғын үйлердің көбінде ауа алмасуы үшін табиғи желдету және оны күшейтетін құралдар қоланылады. Ол сыртқы және бөлмедегі ауа температурасының айырмашылығы және желдің күші есебінен жүзеге асырылады. Бөлме ішіндегі жылы және жеңіл ауаны сыртқы ауыр, суық ауа терезе және есік, құрылыс қондырғыларының саңылаулары мен бос қуыстары арқылы ығыстырып шығарады. Желдің күші ғимараттың жел соғып тұрған жағына қосымша қысым түсіреді; нәтижесінде ауа үлкенрек жылдамдықпен бөлмеге енеді. Ғимараттың жел соғып тұрған жағына қарсы, ық жағында түзілген, қысымы бәсен ауа бөлмедегі ауаны сорып алуға жағдай жасайды. Бұндай ұйымдастырылмаған табиғи ауа алмасуы инфильтрация деп аталады. Терезелер мен есіктер жабық болған жағдайларда желдету тек инфильтрация есебінен ғана іске асырылады. Бұл кезде ауа алмасу есесі көп емес - 1-1,5 ғана болады. Сондықтан, ауа алмасуын жеткілікті дәрежеде ұйымдастыру үшін, желдеткіш каналдар орнату есебінен және желдету арқылы табиғи желдетуді күшейтетін тәсілдер қолданылады. Желдету жел көз, фрамугалар, терезелерді ашу арқылы жүреді. Ең тиімдісі өтпелі желдету болып табылады, бұл кезде пәтердегі қарама қарсы орналасқан бөлмелердің терезелері немесе фрамугалары ашылады. Бұрыштық желдетуді де (көршілес бөлмелер арқылы) жүргізуге болады, бірақ оның тиімділігі аздау.

Желдетуді күшейту үшін сонымен қатар ауаны сорып әкететін желдеткіш каналдар орнатады, олар ғимараттардың қабырғаларымен өтіп, ғимараттың төбесіне орнатылатын, жел энергиясы есебінен ауаның сорылуын күшейтетін арнайы қондырғылар- дефлекторлармен аяқталады. Желдеткіш каналдар әдетте, ас үйге, жуынатын бөлмелерге, әжетханаларға орнатылады, болмаса олардың ауасы адамдар тұратын бөлмелерге түсуі мүмкін. Әрбір пәтердің жеке өз алдына сормалы каналдары болуы керек, себебі «соруының төңкерілу» сияқты құбылыстың пайда болуы сирек емес, бұл кезде ауа сормалы каналдан бөлмеге енеді. Газ пештері бар ас үйлерде пештің үстіне механикалық қозғаушысы бар, лас ауаны сорып әкететін қондырғы орнату керек, себебі, ластанған ауа үнемі табиғи жолмен ғана шығарып отыру барлық уақытта толық бола бермейді.

Қатты ластанған және тұрақты түрде ластанып отыратын бөлмелерді табиғи жолмен желдету жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда бөлмелерді механикалық жасанды желдетумен жабдықтайды, бұлауа алмасуының қажетті есесін қамтамасыз етеді және бөлмелер арасындағы ауа қозғалысын басқарып отыруға мүмкіндік береді

Механикалық желдетудің енбелі, сормалы және енбелі-сормалы түрлері бар. Енбелі желдету кезінде, таза ауа бөлмеге желдеткіш көмегімен беріледі, ал лас ауа табиғи жолмен сыртқа шығарылады. С ормалы желдету кезінде, ластанған ауа бөлмеден желдеткіштің көмегімен сорып шығарылады, таза ауа табиғи жолмен түседі. Ал енбелі-сормалы желдету кезінде, ауа бөлмеге механикалық қозғағыш (вентилятор) көмегімен бөлмеге беріліп, одан сыртқа шығарылады. Жасанды желдетудің қолданылатын түрі бөлмені пайдалану мақсатына, оған қандай ластаушы заттар түсетініне, бөлмедегі ауа тазалығының деңгейі қандай болуы керектігіне байланысты. Мысалы, сормалы желдету бөлме ауасы зиянды газдармен, шаңмен немесе су булармен ластанғанда қолданылады. Оның кемшілігі - қыс мезгілінде бөлменің қатты салқындауы, себебі, бөлмеден ауаны сорып әкетуі кезінде, оған сырттағы суық ауа сорылады. Бөлменің салқындауының алдын алуға желдетудің енбелі-сормалы түрі мүмкіндік береді. Бұл түрінде бөлмеге қыс мезгілінде, ауаны сорып әкететін желдетудің салқындататын әсерін төмендететіп отыратын, жылытылған ауа беріледі. Енбелі-сормалы желдету түрін ауруханаларда, мектептерде, өндіріс орындарында, ойын-сауық, т.б. мекемелерінде орнатады. Бұл кезде, ластанған ауа бөлмеден, атап айтқанда, ас үйлерінен, әжетханалардан, кір киімдерге арналған бөлмелерден көршілес бөлмелерге түспеуі үшін, ауа енуіне қарағанда, оның сорып әкетуін жоғары етеді. Егер, бөлмеге ластаушы заттардың көрші бөлмелерден түсуінің алдын алу қажет болса, онда ауа ағынының енуі, операция жасайтын бөлмелердегі сияқты, басым болуы қажет.

Тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарда қалыпты микроклиматты кәдімгі жасанды желдету құралдарымен қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайларда ауаны кондиционерлеу қолданылады. Ауаны кондиционерлеу деп, бөлмеде берілген қолайлы температура, ылғалдылық және ауаның қозғалу жылдамдығын, егер қажет болса, ауаны иондандыруды да, қамтамасыз етуді және автоматты түрде сақтап тұруды түсінеді. Кондиционерлер орталық және жергілікті болып бөлінеді.

Орталық кондиционерлер бүкіл ғимаратқа немесе бөлмелердің жекелеген топтарына қолданылады. Жергілікті немесе бөлмелік кондиционерлер (климатизерлер) жеке бөлмелерге орнатылады. Кондиционерлер бөлмеде берілген температураны, ылғалдылықты, ауаның берілу жылдамдығын сақтап тұрады, шаңнан, иістерден тазартылған, ал кейбір жағдайларда (мысалы, операциялық бөлмелерде), бактерицидтік сүзгілерден өткен, ауа береді. Кондиционерлеуші қондырғылар ыстық климат жағдайында өте қажет: адамның жағдайы жақсарады, еңбекке қабілеттілігі едәуір жоғарылайды, жоғары температураның денсаулыққа қолайсыз әсер ету мүмкіншілігі төмендейді. Олардың аурухана мекемелерінде маңызы зор, өйткені, қолайлы микроклимат жағдайларын жасап, стерильді бөлмелерде ауаның тазалығын жоғары дәрежеде сақтап тұрады.

Кондиционерлеудің кемшіліктеріне ауаны тазарту барысында жеңіл иондардың азаюы, озонның концентрациясының төмендеуі, кондиционерленген бөлмелерде ұзақ уақыт болған кезде ауаның қолайсыздығын сезіну жатады. Ауаның иондық құрамын түзету үшін әр түрлі типті аэроионизаторлар қолданылады. Кондиционерлер мен ауаны ылғалдағыштарда суы тұщы суаттарда табиғи мекендеушілер болып табылатын, легионеллалар өзіне көбірек қолайлы жағдай табады. Олар легионеллез (легионерлер ауруы, понтиак қызбасы, питтсбург пневмониясы, т.б.) дамуының себебі болады. Сондықтан, пайдаланылатын суды, ауаны және ауа жүретін жолдардың бетін зарарсыздандыру маңызды болып табылады.

Ауа алмасуды бағалау үшін төмендегідей көрсеткіштер қолданылады: желдетудің қажетті және іс жүзіндегі көлемін, ауа алмасу есесін. Желдетудің қажетті көлемі - бұл, бөлме ішіндегі зиянды заттардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден асып кетпеуі үшін,бір адамға бір сағат ішінде бөлмеге берілуі қажет таза ауаның мөлшері.

Әдетте, ауасы негізінде адамдардын есебінен ластанатын тұрғын үй бөлмелері мен аудиторияларда желдетудің қажетті көлемі адамның тыныс алу кезінде шығарған көмір қышқыл газының мөлшері мен (жоғарыда қара) оның ауадағы рұқсат етілген концентрациясына байланысты анықталады. Алайда, ауада басқа көздерден келіп түсетін улы және қауіпті ластаушы заттар болса, есептеуді, бөлінген ластаушы заттардың концентрациясы мен олардың ШРЕК-ің ескере отырып, жүргізеді.

Ересек адам жеңіл дене еңбегі кезінде сағатына 22 л жуық көмірқышқыл газын ауаға бөледі. Бөлмелерде көмірқышқыл газының рұқсат етілген деңгейін (0,1%) сақтап тұру үшін, тыныс шығарудан ауаға бөлінген 22 л СО2 шамамен 36-37 м3 атмосфералық ауамен сұйылуы керек, яғни, желдетудің қажетті көлемі 36-37 м3 болуы керек. Желдетудің көрсетілген көлемдерін ең төменгі мөлшер деп санау қажет. Жабық бөлмелерде ауа ортасының қолайлы жағдайлары желдету көлемі тек 80-120 м3/сағ болғанда қамтамасыз етіледі. Желдетудің мұндай көлемі бір адамға шаққандағы ауаның кубы мен ауа алмасу есесін арттыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Ауа кубы деп, жан басына шаққанда бір адамға келетін бөлменің көлемін түсінеді, ал ауа алмасу есесі- бір сағат ішінде бөлменің ауасы неше рет атмосфералық ауамен алмасатынын көрсететін сан. Ауа алмасу есесін К=V:P формула бойынша анықтайды, бұндағы К- бір сағат ішіндегі ауа алмасу есесі, V- бір адамға есептегендегі желдету көлемі (м3/сағ), P- бір адамға есептегендегі ауа кубы (м3). Ауа енуі бойынша алмасу еселігін «+» белгімен, ал сорып әкету бойынша еселігін «-» белгімен белгілейді. Мысалы, «+2/-3» дегеніміз, бұл сағатына берілген бөлменің көлемінен екі есе артық ауа берілетінін, 3 есе артық ауа шығарылатынын көрсетеді. Ауа алмасу нормативтері әр түрлі бөлмелер үшін, олардың ластану сипатына, бөлмені пайдалану мақсатына байланысты өз алдына белгіленеді (7.5-кесте).

 

Кесте

Тұрғын үй ғимараттарындағы ауа алмасу нормативтері

Бөлмелер Желдетудің қажетті көлемі, м 3
Пәтерлердің немесе жатақханалардың адамдар тұратын бөлмесі Бөлме ауданының 1 м2 - 3
Пәтердің электр пеші бар ас үйі 60 кем емес
Пәтердің газ пеші бар ас үйі: 2 конфоркалы пешке 3 конфоркалы пешке 4 конфоркалы пешке   60 кем емес 75 кем емес 90 кем емес
Жуынатын бөлме және әжетхана 25 кем емес
Біріктірілген санитарлық жүйе 50 кем емес

Бір адамға шаққанда ең төменгі ауа кубы 25 м 3 болуы керек, бірақ, қолайлы ауа кубы 30-35 м3 артық болуы керек деп саналады, бұл тіпті жасанды желдету болмаганның өзінде де, жақсы ауа алмасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ауаның тазалық дәрежесін бағалау үшін ауадағы көмірқышқыл газының концентрациясы, ауаның тотыққыштығы, микроорағзалардың жалпы мөлшері мен стрепотококтар мен стафилакоктардың мөлшері қолданылады (7.6. -кесте).

Кесте

Жабық бөлмелердегі ауа тазалығының көрсеткіштері

Ауаның тазалық деңгейі СО 2 концентра-циясы, % Бихроматты тотыққыш-тық, мг / м3 1 м3 ауадағы микроағзалардың саны
Жалпы Стрепто- кокктар Стафило-кокктар
Таза 0,007 дейін 4 дейін 3000 дейін 10 дейін 75 дейін
Қанағаттанарлық таза 0,1 дейін 6 дейін 4000 дейін 40 дейін 100 дейін
Орташа ластанған 0,15 дейін 10 дейін 7000 дейін 120 дейін 150 дейін
Өте ластанған 0,15 артық 20 дейін 7000 артық 120 артық 150 артық

 

3.4. Жарықтандыру. Ұтымды жарық ең алдымен көру анализаторының қолайлы қызметі үшін қажет. Жарықтың психофизиологиялық әсері де бар. Ұтымды жарық ми қыртысының функционалдық жағдайына оң әсер етеді, басқа да анализаторлардың қызметін жақсартады. Жалпы алғанда, жайлы жарық, орталық жүйке жүйесінің функционалдық жағдайын жақсартаып, көздің жұмыс қабілетін жоғарылатып, еңбектің өнімділігін және сапасын жоғарылатады, қажуды кешеуілдетеді, өндірістік жарақаттанулардың азаюына септігін тигізеді. Жоғарыда айтылғандардың барлығы, жарықтың тек табиғи түріне ғана емес, сонымен қатар жасанды түріне де қатысты. Табиғи жарық одан басқа, айқын жалпы биологиялық та әсер етеді, биологиялық ырғақтардың синхронизаторы болып табылады, жылылық және бактерицидтік қасиеттері бар (III тарау). Сондықтан, тұрғын үйлер, қоғамдық, өндірістік ғимараттар ұтымды күндізгі жарықпен қамтамасыз етілуі тиіс.

Екінші жағынан, жасанды жарықтың көмегімен бөлменің кез-келген жерінде күні бойы берілген және тұрақты жарық жасауға болады. Қазіргі кезде жасанды жарықтың ролі жоғары: жұмыстағы екінші ауысымдар, түнгі жұмыс, жер асты жұмыстары, кешкі үй шаруалары, мәдени істермен айналысатын бос уақыт, т.б.

Жарықты сипаттайтын негізгі көрсеткіштерге жататындар:

1) жарықтың спектрлік құрамы (жарық көзінен шыққан және шағылысқан);

2) жарықталғандағы (жарық деңгейі);

3) жарықтығы – жарықтық дәрежесі (жарық көзінің, шағылыстырушы беттердің);

4) жарық түсуінің біркелкілігі.

Жарықтың спектрлік құрамы. Еңбектің ең жоғары өнімділігі мен көздің ең аз қажуы стандартты күндізгі жарықпен жарықтандыру кезінде болады. Жарық техникасында күндізгі жарықтың стандарты ретінде аспан әлемінен шашырап түскен, яғни терезелері солтүстікке бағытталған бөлмеге түскен жарықтың спектрі алынады. Түрлі түстерді ең жақсы ажырату күндізгі жарық кезінде байқалады. Егер анықтап қаралатын бөлшектердің өлшемі 1 милиметр және одан да артық болса, онда көзбен көру арқылы атқарылатын жұмыс үшін күндізгі ақ жарық пен сарғыштау жарықты шығаратын көздердің жарығы шамамен алғанда бірдей болады.

Жарықтың спектрлік құрамының психофизиологиялық тұрғыдан да маңызы бар. Мысалы, қызыл, қызғылт-сары және сары түстер, оларды ойша жалынмен, күнмен сәйкестіретіндіктен, жылылық сезім туғызады. Қызыл түс қоздырады, сары - сергітеді, көңіл-күйі мен еңбекке қабілетілігін жақсартады. Көк, көгілдір және күлгін түстер суық болып көрінеді. Ыстық цехтардың қабырғаларын көк түске сырлау салқындық сезіндіреді. Көгілдір түс көңілді жайландырады, көк және күлгін түстер- көңіл-күйді жабырқандырады, жасыл түс бейтарап - жасыл өсімдіктермен ойша сәйкестендіретіндіктен жағымды, басқа түстерге қарағанда көзді азырақ қажытады. Қабырғаларды, машиналар мен парталардың беттерін жасыл түске бояу көңіл күйге, еңбек қабілеттілігіне және көздің көру қызметіне қолайлы әсер етеді.

Қабырғаларды және төбелерді ақ түске бояу бұрынғы кездерден гигиеналық тұрғыдан қолайлы деп саналады, себебі жарықтың шағылыстыру коэффициенті жоғары (0,8-0,85) болуына байланысты, бөлмеде ең жақсы жарық деңгейін қамтамасыз етеді. Басқа түстерге боялған зат беттерінің шағылыстыру коэффициенті аздау болады: ақ сары - 0,5-0,6, жасыл, сұр түс - 0,3, қоңыр-қызыл -0,15, қою көк - 0,1, қара - 0,01. Бірақ ақ түс (қар тәрізді болған соң) суықты сезіндіреді, ол бөлмені кеңейткен тәрізді болып, қолайсыз көрсетеді. Сондықтан, қабырғаларды жиі ашық ақшыл-жасыл, ашық сары және соларға жақын түстерге бояйды.

Жарықты сипаттайтын келесі көрсеткіш - жарықталғандағы (жарық деңгейі). Жарықталғандағы деп, нысанның бетіндегі жарық ағынының тығыздығын айтады. Жарықталғандықтың өлшем бірлігі люкс. 1 люкс – 1 люмен жарық ағыны түскен және біркелкі таралған 1 м2 беттетгі жарықтың деңгейі. Люмен - ауданы 0,53 мм2 платинаның қату температурасында толық сәулелендіргіштің (абсолютті қара дененің) шығаратын жарық ағыны. Жарық деңгейі жарықтандырылатын бет пен жарық көзі арасындағы қашықтықтың квадратына кері пропорционалды. Сондықтан, жоғары жарық деңгейін үнемді етіп жасау үшін жарық көзін жарықтандырылатын бетке жақындатады (жергілікті жарықтану). Жарық деңгейін люксметрмен өлшейді.

Жарық деңгейін гигиеналық нормалау күрделі, себебі ол орталық жүйке жүйесі мен көздің көру қызметіне әсер етеді. Жүргізілген тәжірибелер жарық деңгейін 600 лк дейін өсіргенде, орталық жүйке жүйесінің функционалдық жағдайын жақсартатынын; одан әрі, 1200 лк дейін өсіргенде, сондай-ақ оның қызметін, аз дәрежеде болса да, жақсартатынын, ал жарық деңгейі 1200 лк жоғары болғанда, әсері жоқ деп айтуға болатынынын көрсетті. Сонымен, адамдар жұмыс істейтін барлық жерлерде жарықтың деңгейі 1200 лк, ал ең төменгі деңгейі - 600 лк болуы керек.

Қарайтын заттардың өлшемі әр түрлі болғанда, жарық деңгейі көздің көру функциясына әсер етеді. Егер, қарайтын бөлшектердің өлшемі 0,1 мм кем болса, қызу шамдармен жарықтандыру кезінде жарық деңгейі 400-1500 лк, 0,1-0,3 мм кезінде - 300-1000 лк, 0,3-1мм - 200-500 лк, 1-10 мм - 100-150 лк, 10 мм артық болса - 50-100 лк болуы қажет. Бұндай нормативтер кезінде жарық деңгейі көздің көру функциясы үшін жеткілікті, бірақ бірқатар жағдайларда ол 600 лк аз, яғни, психофизиологиялық тұрғыдан алғанда, жеткіліксіз болып саналады. Сондықтан, люминесцентті шамдармен жарықтандыру кезінде (олар үнемділеу болғандықтан) барлық аталған нормалар екі есе ұлғайтылады, сонда жарықтың деңгейі психофизиологиялық тұрғыдан да қолайлыға жақындайды.

Жазу және оқу кезінде (мектептерде, кітапханаларда, аудиторияларда) жұмыс орнындағы жарықтың деңгейі 300 (150) лк, тұрғын үй бөлмелерінде 100 (50) лк, ас үйлерде 100 (30) лк кем болмауы керек.

Жарықты сипаттау үшін оның жарықтық дәрежесі маңызды роль атқарады. Жарықтық дәрежесі (жарықтығы) – беттің өлшем бірлігінен сәулеленетін жарық күші. Шын мәнінде затты қарау кезінде біз жарықтың деңгейін емес, жарықтың жарықтық дәрежесін көреміз. Жарықтық дәрежесін өлшем бірлігі квадрат метрдегі кандела (кд/ м2). Бұл біркелкі жарық шығаратын жазық беттің әрбір квадрат метрінен перпендикуляр бағытта бір канделаға тең жарық күшін сәулелендіретін жарықтық дәрежесі. Жарықтық дәрежесін жарықтықты өлшейтін аспаппен анықтайды.

Ұтымды жарықтандыру кезінде адамның көзінің көру аланында жарықтық дәрежесі жоғары жарық көздері немесе шағылыстыратын беттер болмау тиіс. Егер, қаралатын беттің жарықтық дәрежесі тым жоғары болса, онда ол көздің көру жұмысына теріс әсер етеді: көзде жайсыз сезім пайда болады (2000 кд/м2 бастап), көз жұмысының өнімділігі төмендейді (5000 кд/ м2 бастап), көзді шағылыстыру (32000 кд/ м2 бастап) және тіпті көзде ауыратын сезім де тудырады (160000 кд/ м2 бастап). Жұмыс беттерінің ең жақсы жарықтық дәрежесі - бірнеше жүз кд/ м2 болады. Адамның көзінің көру аланында болатын жарық көздерінің рұқсат етілетін жарықтық дәрежесі 1000-2000 кд/ м2 аспағаны дұрыс, ал адамның көру аланына сирек түсетін жарық көздерінің жарықтық дәрежесі 3000-5000 кд/м2 аспауы керек.

Жарық біркелкі болуы және көлеңкелер түсірмеуі керек. Егер адамның көру аланында жарықтық дәрежесі жиі өзгеріп отырса, онда бейімделуге (көз қарашығының кішіреюі мен ұлғаюына) және онымен бір уақытта жүретін аккомодацияға (көз бұршағының өзгеруіне) қатысатын көз еттерінің қажуы басталады. Жарық деңгейі бөлме бойынша және жұмыс орнында біркелкі болуы тиіс. Бөлме еденінің 5 м жеріндегі ең жоғары жарық деңгейінің ең төмен жарық деңгейіне қатынасы 3:1 аспау керек, ал жұмыс орнының 0,75 м аралығында - 2:1 аспауы керек. Екі көршілес беттердің жарықтық дәрежесінің (мысалы, дәптер - парта, мектеп тақтасы - қабырға, жара – операция аланын айналдырып жабатын жапқыш) бір-бірінен айырмашылығы 2:1-3:1 аспауы керек.

Жалпы жарық түсуден пайда болған жарық деңгейі аралас жарықтандыру кезінде нормаланатын мөлшерінін 10% кем болмау керек, бірақ қызу шамдарымен жарықтандырған кезде - 50 лк және люминесцентті шамдар кезінде - 150 лк кем болмауы керек.

Табиғи жарық. Күн ғимараттардың сыртында әдетте ондаған мың люкс жарық деңгейін береді. Бөлмелердің табиғи жарығы жергілікті жердің жарық климатына, ғимараттардың терезелерінің бағытталуына, көлеңке түсіретін нысандардың (ғимараттар, ағаштар) болуына, терезелердің құрылысына және өлшеміне, терезелер арасындағы қабырғалардың еніне, қабырғаларының, едендері мен төбесінің жарықты шағылыстыру қабілетіне, терезе әйнектерінің тазалығына, т.б. байланысты.

Күндізгі жарықтың бөлмеге түсуі жақсы болуы үшін терезелердің ауданы бөлмелердің ауданына сәйкес болуы керек. Сондықтан, бөлмелердің табиғи жарығын бағалаудың кең таралған әдісі - геометриялық әдіс болып табылады. Бұл әдіс бойынша, жарық коэффициенті деп аталатын шаманы, яғни, терезелердің әйнектелген ауданының еден ауданына қатынасын есептеп табады. Жарық коэффициентінің шамасы неғұрлым үлкен болса, соғұрлым бөлмеге жарық түсуі жақсы болады. Тұрғын үй бөлмелері үшін жарық коэффициенті 1:8-1:10, сыныптар мен аурухана палаталары үшін 1:5-1:6, операциялық бөлмелер үшін 1:4-1:5, ал қосымша бөлмелер үшін 1:10-1:12 кем болмауы керек.

Табиғи жарықты тек жарық коэффициенті бойынша бағалау дәл болмауы мүмкін, себебі жарық деңгеіне жарықтандырылатын бетке жарық сәулесінің түсу бұрышы әсер етеді. Егер қарсы тұрған ғимараттан немесе ағаштардан бөлмеге күн сәулесі тікелей түспей, тек шағылысқан сәулелер түссе, онда олардың спектрінде, биологиялық жағынан ең тиімді - ультракүлгін сәулелерінің қысқа толқынды бөлігі болмайды. Бөлменің белгілі бір нүктесіне аспан әлемінен тікелей сәулелер түсетін бұрыш саңылау бұрышы деп аталады.

Түсу бұрышы екі сызықтан түзіледі, олардың бірі терезенің жоғарғы қырынан жарық түсу жағдайы анықталатын нүктеге дейін келетін, ал екіншісі – өлшеу нүктесі мен терезе орналасқан қабырғаның арасын қосатын көлденең жазықтықтағы сызық.


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 1486 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.01 сек.)