АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 7 страница

Адам ағзасына микроэлементтердің артық мөлшерде түсуімен байланысты классикалық табиғи эндемияларға селен токсикозы, молибден подаграсы, Кашин-Бек ауруы, флюороз, бор энтериті және тағы басқалар жатады.

Селен токсикозы, немесе «сілтілі ауру», АҚШ, Канада, Ирландияның сілтілі топырақты жерлерінен алынған өсімдік текті өнімдерді пайдалану кезінде байқалды, бұл жерлерде өсімдіктердің бойында селеннің мөлшері 5000 мг/кг-ға дейін жинақталған. Адамдарда бауыр, нерв жүйесінің зақымдануымен, анемия, шаш түсуі, дерматит, тіс эмалінің зақымдануымен бірге улану жағдайлары байқалған.

Молибден подаграсы (VIII тарау «Минералды заттар» бөлімі) Арменияның кейбір аудандарындағы эндемиялық ауру болып саналады. Топырақтағы молибденнің жоғары мөлшері подаграның дамуына ғана әкеп соқпай, сонымен қатар өңештің қатерлі ісігі ауруы мен репродуктивті функцияларының бұзылу қаупін арттыратынын көрсетеді.

Бор, паратгормонның белсенділігін реттеуге қатыса отырып, кальций, магний, фосфор және холекальциферол алмасуына әсер етеді. Бордың мөлшері жоғары өңірлердегі (Батыс Сібір, Алтай өлкесі, Қазақстан) тұрғындарда энтериттер, сондай-ақ анемия мен өкпе аурулары байқалады.

Эндемиялық флюороз судағы фтордың мөлшері жоғары табиғи аймақтарда кездеседі және тіс пен қызыл иектің зақымдануымен қатар (IV тарау) басқа да мүшелер мен жүйелерге: сүйек-буын, орталық жүйке, бауыр, бүйрекке әсерімен сипатталады, бұл оның Кребс циклы ферменттерінің белсенділігін тежеуімен түсіндіріледі.

Кашин-Бек (Урова) ауруы (IV тарау) Забайкалье, Шығыс Сібір, Корея, Қытайдың кейбір аудандарында кездеседі және әсіресе бақайшақ аралық сүйектердің (аю табаны), ұршық буындары мен омыртқа сүйектерінің деформациялануы - остеоартроз түрінде өтеді. Бұл өңірлердегі топырақта кальцийдің төмен мөлшерімен бірге, стронций, темір, марганец, мырыш, қорғасын, күміс, фтордың мөлшері жоғары болып, бұл осы ауруды эндемиялық полигипермикроэлементоз деп санауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, селеннің төмен концентрациясымен бірге, құдық суындағы гумин қышқылдарының жоғары мөлшері Урова ауруының дамуына олардың әсері болатыны туралы болжамды да растайды.

Микроэлементтердің тапшылығына байланысты туындайтын эндемиялық аурулардың арасында эндемиялық жемсау, гипофтороз (тіс жегі), селендік гипомикроэлементоз көп таралған. Топырақтағы йодтың төмен деңгейі, оның мөлшерінің өсімдіктер мен суда төмен болуына себеп болады, нәтижесінде рационда йод тапшы болады және эндемиялық жемсаудың дамуына әкеп соғады (VIII тарау). Субпопуляцияларда жемсаудың таралуы ересек адамдарда 30% және одан астам болғанда және балалар мен жасөспірімдерде 5%-ға жеткенде, эндемия жайында айтуға болады. Айқын йод тапшылығы эндемиялық кретинизммен, кереңдікпен және ақыл-ой дамуының артта қалуымен жүреді. Эндемиялық жемсаудың алдын алу үшін рационда 50 мкг йод болуы жеткілікті.

Селен гипомикроэлементозы – Кешан ауруы - Қытай, Финляндия, Забайкалье, Удмуртия, Карелияның селенге тапшы аудандарында байқалады. Тамақ құрамында селеннің жетіспеуі аритмия түрінде миокардтың фиброзды өзгерістерімен жүретін, ювенильді кардиомиопатияның пайда болуына әкеп соғады. Өткен кездерде Кешан ауруынан болатын өлім 80%-ға дейін құрайтын, қазіргі уақытта селен препараттарымен емдеу кезінде, бұл көрсеткіш 13-40%-ға дейін төмендеді (Г.И.Румянцев, 2000). Ағзада селен тапшылығы атеросклероздың, гипертония ауруының пайда болу қаупін, түрлі эндокринопатиялар мен қатерлі ісіктердің түзілуін, СПИД пен вирус инфекциялары мен афлотоксиндер тудыратын ауруларға шалдықкыштығын жоғарылатады.

Қазақстанның кең аумақтарында бор, марганец, хром, ванадий, қорғасын, мыс, кадмийдің мөлшері табиғи жоғары жерлер кездеседі. Құрамында бордың мөлшері жоғары топырақтар Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында, Орталық (Сарысу өзенінің орта ағысында) және Шығыс Қазақстанда бар. Ванадий мөлшері қалыптағыдан 20 есе және одан да жоғары артық болатын ванадийліпровинциялар Ишим өзені маңындағы далаларда және таулы-орманды далалы Алтайда (Тарбағатай, Ульба аудандары), сондай-ақ таулы қара топырақтарда кездеседі. Хромның мөлшері жоғары табиғи аймақтар Каспий маңы ойпатында, Ақтөбе облысында орналасқан. Никельдің мөлшері Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы қара топырақты жерлерде, сондай-ақ Торғай облысының талшын топырақтарында өте көп. Табиғи полиметалдық (қорғасын, кадмий, мыс) провинциялар полиметалл кен орындары бар аймақтарда, Өскемен, Лениногорск, Зыряновск, Шымкент қалаларының аудандарында, мысты провинциялар – мыс кен орындарының аудандарында (Балқаш, Жезқазған, Шемонаиха қалалары), темір провинциялары – Қостанай облысында орналасқан. Марганецтің жоғары мөлшері Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының топырақтарында, сондай-ақ ылғалдылығы жоғары жерлерде – Сырдария өзенінің аңғарларындағы шалғынды-батпақты, Зайсан, Алакөл көлдері алаптарының топырақтарында кездеседі (қалыптағыдан 2,5 есе жоғары).

Қазақстанның көптеген аудандары йодқа тапшы аудандар болып табылады.

Эндемиялық аурулардың пайда болуының алдын алу іс-шараларының қатарына топырақ пен жануарларды, оларда жетіспейтін микроэлементтермен үстемелеп қоректендіру, тұрғындардың тамақтану жағдайларын оңтайландыру, эндемиялық жерлерге азық-түлік әкелу, тұзға немесе нанға йод (немесе басқа микроэлементтерді) қосу, фторға немесе басқа микроэлементтерге бай су көздерін алмастыру, суды фторлау немесе фторсыздандыру және т.б. жатады.

2.4. Топырақтың химиялық заттармен ластануының гигиеналық маңызы.

Ғылыми-техникалық үрдістің қарқындылығы, халық шаруашылығы мен тұрмысты химияландыру, минералды тыңайтқыштарды және ауыл шаруашылық дақылдарының зиянкестерімен күресудің химиялық құралдарын барынша көптеп қолдану, атом энергетикасының дамуы топырақтың химиялық және белсенді заттармен ластану қаупін арттырады. БДДҰ анықтамасы бойынша, топырақты ластаушылар деп саналатындар, тиісті емес жерде, тиісті емес уақытта және тиісті емес мөлшерде кездесетін химиялық заттар, биологиялық организмдер (бактериялар, вирустар, қарапайымдылар, гельминттер) мен олардың тіршілік үрдістерінің өнімдері.

Топырақтың ластануы деп, адам нақты учаскенің топырағымен тікелей жанасқанкезде немесе топырақ-су-адам; топырақ-атмосфералық ауа-адам; топырақ-өсімдік-адам; топырақ-өсімдік - жануар-адам сияқты, экологиялық (қоректік) тізбектер бойынша топырақпен жанасқан орталар арқылы байланысқан кезде, адамның денсаулығына қауіп тудыратын топырақтың құрамындағы химиялық және биологиялық компоненттерінің мөлшерін ғана түсінеді (В.Т.Мазаев, т.б. 2005).

Химиялық ластаушылар топыраққа агрохимикаттарды – минералдық тыңайтқыштарды, пестицидтерді, топырақтың құрылым түзушілерін, өсімдіктердің өсуін ынталандыратын және тағы басқаларды жоспарлы түрде енгізу нәтижесінде топыраққа түседі. Олардың қауіпті әсері (VIII тарау) қолдану кезінде тиісті агрохимиялық және гигиеналық талаптардың орындалмауынан жиі байқалады.

Минералдық тыңайтқыштар ретінде құрамына өсімдіктердің өсуін тездететін азот, фосфор, калий кіретін заттар пайдаланылады. Топыраққа енгізілген тыңайтқыштарды өсімдіктер пайдаланады, олар жер асты суларымен, жер бетіндегі су ағындарымен бірге ағып кетеді, ауға түсетін ұшқыш қосылыстар түзіп, топырақта ыдырайды. Адам денсаулығына шынайы қауіп тудыратындығына байланысты азот тыңайтқыштарына ерекше көңіл бөлінеді. Оларды артық мөлшерде қолдану топырақта, жер беті және жер асты суларда, өсімдіктерде нитраттар мен нитриттер концентрациясының едәуір жоғарылауына, сондай-ақ нитрозоаминдер түзілуіне әкеп соғады. Өсірілген өсімдіктердің қөректік құндылығы төмендейді, дәмділік сапасы өзгереді. Сумен және азық-түлік өнімдерімен адам ағзасына түскен кезде нитриттердің метгемоглобин түзетін әсеріне байланысты ағзаның улануы мүмкін, ал жоғары концентрацияларында нитраттардың да улы әсері байқалады. Айқын канцерогендік, тератогендік және эмбриотоксиндік әсер ететін нитрозоаминдер аса қауіпті болып табылады (VIII тарау).

Фосфор тыңайтқыштары, азот тыңайтқыштарына қарағанда, топырақтан аз миграцияланады, осыған байланысты, артық мөлшерде қолданғанда, олар топырақтың өздігінен тазару үрдістерін тежеуге әкеп соғатын концентрацияда жинақталады. Фосфор тыңайтқыштарының топыраққа енгізілетін мөлшері 200 мг/кг аспауы керек. Олай болмаған жағдайда, өсімдік өнімдерінің органолептикалық қасиеттері күрт нашарлайды және қөректік құндылығы төмендейді. Фосфор тыңайтқыштары химиялық жағынан таза қосылыстар емес, өйткені оларды алатын табиғи шикізаттың (минералдар, апатиттер, фосфориттер) құрамында фтор, темір, стронций, селен, мышьяк, ауыр металдар, радионуклидтер (уран, торий) болады. Сондықтан тыңайтқыштармен бірге бұл қосылыстар да топыраққа түседі. Топыраққа фосфор тыңайтқыштарымен енетін фтордың мөлшері 20 кг/га-ға жетуі мүмкін, ал фтордың миграциялану нәтижесінде жер асты және жер бетіндегі суларда оның мөлшері рұқсат етілетін деңгейінен бірнеше есе асып кетуі мүмкін.

Азот және фосфат тыңайтқыштарының ашық су көздеріне түсуі, «гүлдену» деп аталатын, олардағы өздігінен тазару үрдістерінің нашарлауымен, су биоценоздарының тіршілік үрдістерінің бұзылуымен сипатталатын судың эвтрофикациясын туғызады.

Калий тыңайтқыштары топырақта өте баяу миграцияланады, бұл олардың топырақ ағзаларына және топырақтың өздігінен тазару қабілетіне теріс әсер ету мүмкіндіктерін төмендетеді. Алайда, топыраққа калий тыңайтқыштарын жоғары мөлшерде енгізу оның тұздануына әкеп соғуы мүмкін, өйткені калиймен бірге топыраққа хлор аниондары да түседі. Бұдан басқа, калийдің топырақта, содан кейін ауыз су мен азық-түлікте жиналуы есебінен, ағзаға калийдің артық мөлшерде түсуінен туындайтын теріс эффектілері байқалуы мүмкін.

Пестицидтер өсімдіктерді насекомдардан, кенелерден, бактериялардан, вирустардан, саңырауқұлақтардан, арамшөптерден және тағы басқалардан қорғаудың химиялық құралы ретінде кеңінен қолданылады. Алғашқы кездері пестицидтер адамның шаруашылық қызметінде және жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушылармен күресуде үлкен роль атқарды. 1948 жылы швейцариялық химик Пауль Мюллер инсектицид ретінде пайдалануға болатын ДДТ (дихлодифенилтрихлорэтан) ашқаны үшін Нобель сыйлығын алған болатын, оны пайдалану нәтижесінде бөртпе сүзегімен, маляриямен және басқа да жұқпалы аурулармен аурушаңдықты және олардан болатын өлім-жітім деңгейін күрт төмендетуге мүмкіншілік болды. Алайда 70-жылдардың басында-ақ, оны қолдану нәтижесінде байқалатын барлық қауіпті жағдайлар анықталып, бұл препаратты қолдануға тыйым салынды. Қолданылатын барлық дерлік пестицидтер жоғары дәрежеде уытты және қоршаған ортада ұзақ уақыт айналымда жүретін, өте баяу ыдырайтын қауіпті қосылыстар (VIII тарау) болып табылады. Топырақтан өсімдіктерге, атмосфералық ауаға, суаттарға тасымалдана отырып, пестицидтер адамға әр түрлі жолдар арқылы әсер етеді. Пестицидтермен өңделген топырақтан пестицидтердің белгілі бір мөлшері үнемі буланып отырады, ол ауаның ылғалдылығы жоғары кезінде ауыл шаруашылық егіс далаларында қатты уланулар туғызатын улы тұмандар түзілуіне себеп болады, өйткені, бұндай жағдайларда атмосфераның жер бетіне жақын төменгі қабаттарында пестицидтердің концентрациясы ШРЕК бірнеше ондаған есе жоғары болады. Адамның ластанған топырақпен тек басқа орта арқылы ғана емес, тікелей байланыста болуы да қауіпті. Пестицидтерді бақылаусыз қолдану топырақ микробиоценозының едәуір өзгеруіне де, топырақтың өздігінен тазару процестерінің тежелуіне де әкеп соғады.

Қазіргі кезде дүние жүзінің барлық елдерінде 1- класты қауіпті пестицидтерді және тұрақты хлорорганикалық пестицидтерді пайдалануға шектеу қойылған, полихлорлы бифенилдерді өндіруге және пайдалануға тыйым салынған, пестицидтерді олардың жылжымалылығын төмендететін түрлерініде пайдаланады, химиялық қорғау құралдары биологиялық құралдармен алмастырылады. Алайда, қазіргі уақытқа дейін ДДТ және басқа да өндіруге және қолдануға тыйым салынған хлорорганикалық пестицидтер әр түрлі аймақтардың қоршаған орта нысандарынан табылуда. Мысалы, ШРЕК деңгейінен 2 есе және одан да артық ДДТ жоғары концентрациялары Қазақстанның мақта, күріш дақылдарын өсіретін, қаракөл мен бақша шаруашылықтары шоғырланған Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының топырағында анықталады.

Агрохимикаттарға қарағанда, көптеген химиялық ластаушылар өнеркәсіп өндірісі процесінде немесе адамның тұрмыстық қызметі барысында топыраққа кездейсоқ түседі. Олар өнеркәсіп орындарынан, автокөліктен атмосфералық ауаға бөлінетін заттар (III тарау), шаруашылық-тұрмыстық және өнеркәсіптік ағынды сулар (IV тарау), ластанған суаттар, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтардың жинақталған және көмілген орындары болып табылады.

Атмосфераға түсетін өнеркәсіптік шығарындылар топырақты ластаушы көздердің ішіндегі ең маңыздысы болып табылады, өйткені, олардың құрамында улылығы мен қауіптілігі түрліше, химиялық табиғаты алуан түрлі заттар кездеседі. (III тарау). Ірі өнеркәсіптік қалаларда өнеркәсіптік шығарындылар есебінен топыраққа түсетін химиялық жүктеме қалыптағыдан 40 есе, ал ең жоғарғы деңгейі - 600 есе артық. Әдетте, топырақтағы химиялық қосылыстардың ең жоғарғы концентрациялары өнеркәсіп орындарына жақын жерлерде байқалады. Мысалы, Өскемен, Лениногорск, Зыряновск, Шымкент, Балқаш қалаларының түсті металлургия кәсіпорындарының өнеркәсіп аудандарында қорғасын, мырыш, кадмий, мыстың топырақтағы концентрациялары ШРЕК мөлшерінен 100-500 есе, санитарлық-қорғаныс аймағында (1,0 км-ге дейінгі) – 50-100 есе, 5 км-ден 40 км-ге дейінгі ара қашықтықта – 2-3 есе артық болады.

Фторсутек пен фтордың басқа да қосылыстарын ауаға бөлетін Жамбыл суперфосфат зауытының маңындағы топырақтар фтор қосылыстарымен ластанған. Заводқа жақын жердегі топырақтағы фтордың ең жоғарғы концентрациясы ШРЕК мөлшерінен 2-5 есе артық.

Шымкент қаласының және оған іргелес жатқан аймақтардың топырағы қорғасын және фосфор зауыттарының ауаға бөлетін қалдықтарымен ластанады. Топырақтың марганец, қорғасын, кадмий, кобальт, молибден, фтор, хроммен және мөлшері ШРЕК мөлшерінен 3 есе артық және одан астам болатын сынаппен едәуір ластануы Теміртау қаласының қара металлургия кәсіпорындары орналасқан ауданында байқалады. Сынап осы аймақта орналасқан синтетикалық каучук өндірісінің технологиялық үрдістерінде пайдаланылады.

Мұнай-газ конденсаты кен орындарының кәсіпорындары (Батыс Қазақстан, Атырау облыстары) топырақты мұнай өнімдерімен, фенол, ванадий, бариймен ластайды. Ақтөбе қаласындағы ферроқорытпа, хром қосылыстары зауыттары және ЖЭО атмосфераға топыраққа сіңіріліп отыратын, хром мен бордың көп мөлшерін бөледі.

Топырақты ластаудың айтарлықтай маңызды көзі жылу энергетикасының кәсіпорындары болып табылады. Ірі ЖЭО-да қатты отынды жағу кезінде топыраққа күл, күйе және улы металдар түседі. Бұлардан бөлінген күл мен басқа зиянды заттар жүздеген шақырым территорияларға таралады. Бұдан басқа, ЖЭО айналасында ауданы 2-3 км2 болатын жердің топырағын күл үйінділері – отынның жанғанынан қалған күлді жинаған жер учаскелеріндегі күл ластайды.

Қалдықтардың өте көп мөлшерін, өнеркәсіптік қалдықтардың жалпы көрсеткішінің 75%-ын кен өнеркәсібі бөледі. Қайта өңдеуге қолданылмайтын бос жыныстар кеніш маңында тау жыныстары үйіндісі түрінде жинақталады. Кенді алғашқы өңдеу (байыту) барысында кейін өндірістік үрдіске қажетті минералдық компонентерді бөліп алады, ал кеннің қалған бөлігін қоймада сақтауға жібереді. Жыныс үйінділері мен сақтау қоймалары топырақтың орасан зор аудандарын алып жатады, ал қалдықтардың құрамында болатын, көбінесе уытты және қауіпті болып саналатын түрлі химиялық қосылыстар топыраққа, ауаға, суға өтеді. Қазақстан Республикасы үшін бұл мәселе аса өзекті болып табылады, өйткені оның территориясында темір рудасының (Қостанай облысы), түсті металдардың (Батыс Қазақстан, Жезқазған облыстары), тас көмірдің (Қарағанды, Павлодар облыстары), фосфордың (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары) және мұнайдың (Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары) кен орындарын пайдаланады.

Топырақ айтарлықтай дәрежеде автокөліктен бөлінетін, құрамында қорғасын, мыс, кадмий, марганец, мырыш қосылыстары, көмірсутектер, бенз(а)пирен және т.б. бар, пайдаланылған жанармай газдармен ластанады (III тарау). Ең жоғары дәрежеде ластануы көлік қозғалысы көп автотрассалардың маңындағы топырақтарында байқалады. Қозғалтқыштары бензінді автокөліктер көп журетін жолдардың бойындағы топырақта қорғасынның концентрациясы 300-500 мг/кг-ға (қорғасынның ШРЕК – 20 мг/кг), бенз(а)пиреннің концентрациясы – 50 мг/кг-ға дейін жетуі мүмкін.

Топырақтың ластануында кәсіпорындардан шыққан ағынды сулар үлкен роль атқарады. Өнеркәсіптік ағынды сулар өндірісте суды пайдаланғаннан кейін түзіледі. Әр түрлі өндірістердегі олардың құрамында, осы кәсіпорындардағы технологиялық үрдістердің ерекшелігіне, шикізат ретінде қолданылатын немесе өндіріс барысында түзілетін заттарға, түрлі қалдықтарға байланысты едәуір айырмашылықтары болады. Өнеркәсіптік ағынды сулардың құрамындағы ластаушылардың мұндай кең спектрі олардың санитарлық қаупін жоғарылатады. Көп жағдайларда ағынды суларды жоюдың соңғы кезеңі оларды суаттарға ағызып жіберу болып табылады. Алайда, өнеркәсіптік ағынды сулар, олармен ластанған су көздері арқылы және ағынды суларды ауылшаруашылық дақылдарын суару үшін, т.б. мақсаттарда пайдаланғанда, топырақты да ластауы мүмкін.

Ядролық қаруды сынау, ядролық реакторлардағы апаттар, халық шаруашылығының әр түрлі салаларында иондаушы сәулелену көздерін пайдалану себебінен топырақтың белсенді заттармен ластануы өте қауіпті болып табылады (ХII тарау).

Тұрмыстық қалдықтар адамның тұрмыстық және шаруашылық қызметінің нәтижесінде үздіксіз түзіліп отырады. Оларды сұйық және қатты деп бөледі. Қатты қалдықтарға үйден шыққан қоқыс, көшенің сыпырындысы, құрылыс қоқыстары, ас үйден шыққан қалдықтар, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының, ауруханалардың қалдықтары және т.б. жатады. Қатты қалдықтар массасының 25% дейінгісін екінші реттік шикізат – қағаз, картон, тоқыма, металл, тері және т.б. құрайды. Шамамен, 60-70% залалсыздандыруға болатын органикалық бөліктің үлесіне тиеді. Қалған бөлігін құрылыс материалдары, тастар, қайта пайдалануға қиынға соғатын резеңке, орағыш материал және ыдыс ретінде пайдаланылатын пластик, әйнек, жанғыш материалдар (тас көмір, ағаш және т.б.) құрайды. Жыл сайын қатты қалдықтар салмағы 0,5%-ға көбейеді, бұл ретте ірі қалаларда олардың мөлшері бір тұрғынға 1-ден 1,5 м3 дейін келеді. ХХ ғасырдың соңында ЕЭҚ құрамына кіретін мемлекеттерде 150 млн т жуық тұрмыстық қалдықтар түзілген (Е.И.Гончарук, 2006).

Қатты тұрмыстық қалдықтар әр түрлі жұқпалы аурулардың өте көп қоздырғыштары мен гельминт жұмыртқаларының көзі болып саналады, олар қалдықтар құрамында болып, өздерінің тіршілік қабілеті мен вируленттілігін бірнеше айлар бойы сақтап қала алады. Әсіресе, бұл тұрғыда медициналық мекемелердің қалдықтары қауіпті. Шіріп жатқан қалдықтар шыбындардың личинкалары мен қуыршақтарының дамуы үшін тамаша орта болып табылады. Жаздыгүні бір қоқыс жәшігінен тәулігіне бірнеше мыңдаған шыбын көбейіп шығады. Шыбындар қоздырғыштарды тұрақты түрде тамаққа, тұрмыстық заттарға тасымалдаушылар болып табылады, оның үстіне олар көбейген жерлерінде ғана шоғырланбай, сонымен қатар одан көптеген шақырым қашықтыққа ұшып барады. Шыбын денесінің сыртында патогенді микроорганизмдер 1-7 тәулік бойына, ал асқазанында 2-ден 8 тәулікке дейін тіршілік етеді.

Қатты қалдықтардың құрамындағы органикалық компоненттері топырақты, атмосфералық ауаны, суды уытты ыдырау өнімдерімен ластай отырып, шіриді. Қоқыс төгетін орындарда қаладан шыққан қоқысты өртегенде, топырақтың беткі қабаты мен ауа қоқыстың құрамындағы уытты заттармен (қорғасын, мырыш, кадмий, мыс, диоксиндер және т.б.) ластанады. Полимерлік материалдардың жинақталуы да маңызды мәселе болып табылады, олардың көпшідігі топырақта ыдырауға ұшырамайды.

Сұйық тұрмыстық қалдықтарға адамдар мен жануарлардың нәжістері, зәрі, жуындылар, шаруашылық-нәжістік және нөсер жаңбырлардың ағынды сулары жатады. Олар эпидемиологиялық тұрғыдан да, токсикологиялық тұрғыдан да қауіпті.


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 856 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.007 сек.)