АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 14 страница

Жылыту жүйесі, жылуды жеткізетін ортаға байланысты, сумен, бумен немесе ауамен жылыту деп аталады. Орталықтан жылытудың, жергілікті жылытуға қарағанда, көп артықшылықтары бар, ол тұрғындарды от жағу жұмысынан босатады, біркелкі (уақыт пен кеңістік бойынша) микроклиматты қамтамасыз етеді, адам тұратын бөлмелерді ластамайды, өрт шығу тұрғысынан қауіпсіз болып табылады. Қыздыратын құралдар - радиаторлардың көлемі үлкен емес және әдетте, терезелердің астында орналасады. Терезеден бөлмеге кірген суық ауа өз жолында қызған радиатордан шыққан ауамен кездесіп, онымен араласады да, еден деңгейінде пешпен жылыту кезінде байқалатын суық ауа ағынын туғызбайды. Жергілікті жылытуды орталықтан жылыту ығыстырып шығаруда, сондықтан, жергілікті жылыту қазіргі кезде көбінесе бір қабатты үйлерде қолданылады.

Тұрғын үйлерді, мектептер, ауруханалар мен қоғамдық ғимараттардың көпшілігін жылытудың ең жақсы түрінің бірі сумен жылыту болып табылады, ол бөлмеде біркелкі, реттелуі жеңіл микроклиматты қамтамасыз етеді. Радиаторлардың бетіндегі температура 85ºС тан жоғары көтерілмейтіндіктен, оларда шаңның күюіне мүмкіндік болмайды. Радиаторлардан шыққан жылу, бөлмеге негізінен, олардың бетінің ауамен жанасуы кезінде таралады. Сондықтан, мұндай жылыту конвекциялық деп аталады. Қазіргі кезде бір қабатты ғимараттардың өзінде, әр пәтердің өзін сумен жылыту барған сайын жиі қолданылады, бұл кезде су ысытатын қазандық асүйде немесе жеке бөлмеде орнатылады.

Бумен жылыту радиаторлардың бетіндегі температураның өте жоғары болуына байланысты тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарды жылытуға жарамсыз болып табылады.

Ауамен жылыту екі қызметті: жылыту мен желдетуді бірге атқарады. Алайда, оны қолданғанда гигиеналық ақаулар байқалады, сондықтан, жылытудың бұл түрі тек ірі көлемді бөлмелерді (театр, өнеркәсіп кәсіпорындарын) жылыту үшін қолданылады. Едәуір жиі, соның ішінде ауруханаларда да, жылытудың панельдік-сәулелік түрі қолданылады. Бұл жүйеде жылытатын құралдар бетон панельдердің ішіндегі жылытатын құбырлар жүйесі болып табылады, оларды бөлменің сыртқы қабырғаларының (терезе астында), еденінің немесе төбелерінің ішіне орналастырады. Құбырлар арқылы әдеттегі сумен жылыту кезіндегі сияқты, ыстық су жіберіледі. Панельдер бөлмедегі барлық заттардың беттеріне сәулелік жылу беретін үлкен жылу шығаратын бетті жасайды. Қабырғалардағы панельдерді - 38-45ºС–қа дейін, едендегіні -24-26ºС дейін, төбедегіні - 26-28ºС қа дейін қыздырады. Сәулелік жылыту кезінде адамның жылу алмасуы сапа жағынан өзгереді: сәулелену арқылы жылу жоғалтуы азайып, соған сәйкес конвекция арқылы жылу жоғалтуы жоғарылауы мүмкін. Соның арқасында жылылықтың жайлылығына, сумен жылытқан кездегі сияқты ауаның температурасы 20-22ºС болғанда емес, 17-19ºС кезінде қол жеткізуге болады. Бұл, адамның ашық атмосферада болған кездегі жағдайларына көбірек ұқсас болады, киім астылық кеңістіктің желдетілуін күшейтеді және адамда салқын леп сезінуін тудырады. Сәулелік жылытуы бар бөлмелерде біршама төмендеу температураны сақтау мүмкіндігі, оларды жиі және жақсы желдетуге жағдай жасайды. Нәтижесінде, адамдардың жылу сезінуі жақсы және жұмысқа қабілеттілігі жоғары болады.

Жаз мезгілдерінде, әсіресе, жылы және ыстық климаттық аудандарда, тұрғын үй бөлмелерінің ысып кетуімен күресудің үлкен гигиеналық маңызы бар. Жаз уақытында тұрғын үй бөлмелердегі оңтайлы микроклимат жағдайларының жоғарғы шегі келесідей болуы керек: ауаның температурасы - 24-25ºС, салыстырмалы ылғалдылығы - 30-50% және ауаның қозғалу жылдамдығы - 0,2-0,4 м/с. Ауаның температурасы 28ºС және одан да артық болған кезде, жылу реттейтін үрдістердің зорлануы тіркеледі.

Бөлмелердің қатты қызуы тұрғындардың көңіл-күйлеріне теріс әсер етеді, үй жұмыстарымен айналысуға, демалуға, ұйықтауға, күш-қуатын қайта қалпына келтіруге қолайсыз жағдайлар туғызады. Дененің қатты қызуы, әсіресе, емшек еметін балаларда, диспепсия дамуына бейім етеді. Жүрек-қан тамыр жүйесінің ауруларымен, демікпемен, эндокринопатиямен ауыратындар ыстық пен қапырықты ауыр өткізеді.

Бөлменің қатты қызыуының алдын алу үшін бөлменің терезелерін, белгілі бір инсоляциялық режим қалыптастыратын, дүниенің төрт бұрышына қарай дұрыс бағыттау маңызды болып табылады. Инсоляциялық режим деп, бөлме ішіне тікелей түскен күн сәулесінің қарқындылығы мен ұзақтығын атайды. Инсоляциялық режим жергілікті жердің географиялық ендігіне, терезелерінің дүниенің төрт бұрышына қарай бағытталуына, терезелерді көршілес үйлердің көлеңкелеуіне, терезенің өлшеміне және т.б. байланысты болады. Инсоляциялық режимнің 3 негізгі түрін (7.3-кесте), сондай-ақ, олардың үйлесуінің әр түрлі нұсқаларын ажыратады

Кесте

Солтүстік жартышардың орташа климаттық аймағындағы бөлмелердің инсоляциялық режимінің түрлері

Инсоляциялық режим дүниенің төрт бұрышына қарай бағытталуы Инсоляция уақыты, сағ. Еденге күн сәулесі түсетін ауданның пайызы Жылу радиациясы
К Дж/ м2 Ккал/ м2
Ең жоғары (максималды) ОШ, ОБ 5-6      
Орташа О, Ш 3-5 40-50 2100-3300 500-550
Ең төмен (минимальды) СШ, СБ 3 –тен кем      

Ыстық және жылы климат жағдайларында терезелерді оңтүстік-батыс және батысқа қарай 200-290º аралығында (7.1. сүрет) орналастыру үйдің қызып кетуіне байланысты ұсынылмайды. Сонымен қатар, барлық климаттық аудандарда солтүстікке бағыттау да (50-310º) ұсынылмайды. Шығыс, оңтүстік-шығыс және оңтүстік бағыттарға (70-200º) қарай барлық климаттық аудандарда да бағыттауға болады. Көк жиектің қолайсыз бағыттарына тек қосалқы бөлмелерді (мысалы, солтүстікте асүйді) және пәтер бөлмелерінің бір бөлігін бағыттауға болады.


7.1. сүрет. Тұрғын үй бөлмелері терезелерінің дүниенің төрт бұрышына қарай

бағытталуы.

Сектор А – 310-50º, сектор Б – 200-290 º, сектор В – 290-70 º, сектор Г – 70-200 º.

Адамның ағзасын сауықтыратын (III - тарау) және қоршаған ортаның микрофлорасына бактерицидтік әсер ететін фактор ретіндегі, күн сәулесінің бөлмелерге тікелей түсуінің үлкен маңызы бар. Бірақ бұл әсерлер тікелей түсетін күн сәулесінің мөлшері жеткілікті болған жағдайда ғана байқалады. Сондықтан, тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарына күн сәулесінің түсу ұзақтығы санитарлық нормалармен регламенттеледі.

Сонымен қатар, бөлмелерді күн радиациясынан және қызып кетуден қорғауды төмендегі іс-шаралар арқылы жүзеге асыруға болады:

· үйдің, күн сәулесі қатты түсетін қабырғаларының қалыңдығын 0,7 м және одан да артық ету;

· бөлмелердің биіктігін 3,2 м дейін жоғарылату;

· сыртқы қабырғалар мен терезелерді күн сәулесінен верандалармен және жасыл желектермен, олардың ішінде, қабырғаларға орала өсетін шырмауық өсімдіктермен, қорғау, соның арқасында қабырғалардың температурасы 4-5ºС –қа төмендейді;

· күн сәулесін жақсы шағылыстыру үшін сыртқы қабырғаларды ақ түске бояу;

· терезелердің үстіне күнқағарлар және басқа күннен қорғайтын құрылыстар орнату;

· жарықтың түсуін нашарлатып, бөлме температурасын 3-4,5ºС-қа төмендететін терезе қақпақтарын, жалюздер немесе перделер қолдану;

· өтпелу желдету арқылы, бұл кешкі уақытта сыртқы ауаның температурасы төмендегенде, қысқа уақыт ішінде бөлме ауасын жаңартып, ондағы ауа температурасын бірнеше градусқа төмендетуге мүмкіндік береді;

· қозғалыстағы ауамен денені салқындату үшін, бөлмелердің ішінде желдеткіштерді қолдану;

Микроклиматты оңтайландыру үшін кондиционерлеудің орталықтандырылған және жергілікті түрлері барған сайын көп қолданылуда. Олар ауа температурасын 18-25ºС, салыстырмалы ылғалдылықты 40-60%, ауаның қозғалу жылдамдығын 0,3 м/сек аралығында ұстап тұра алады.

3.2. Ауа ортасының сапасы. Қазіргі кезде таза ауаны тек елді мекендерден және түрлі ластаушы заттардың көздерінен қашық жерлерде ғана кездестіруге болады. Бұндай аумақтардағы ашық кеңістіктердің ауасы оттегімен қаныққан, құрамында жеңіл иондары бар, экзогенді химиялық заттармен, шаңмен ластанбаған, соның нәтижесінде өкпенің жақсы желдетілуі қамтамасыз етіледі, зат алмасу үрдістері қарқынды жүреді, адамның тонусы жоғарылайды. Табиғи көздерден түскен ластаушы заттарды ауа ағындары сейілтеді.

Алайда, қазіргі кездегі адам тәуліктің көп бөлігін (20-22 сағатқа дейін) таза ауада емес, ауаны ластайтын химиялық, физикалық және биологиялық заттардың талай көздері бар, қолданылуы әр түрлі, жабық бөлмелерде өткізеді. Химиялық ластаушы заттардың көздері сыртта да, бөлме ішінде де болуы мүмкін. Сыртқы елеулі көздерінің бірі - атмосфералық ауа болып табылады, бөлме ауасының тазалығы, оның ластану деңгейіне тікелей байланысты. Ластаушы заттардың ішкі көздеріне өмір сүру үрдістерінің нәтижесінде уытты заттар бөліп шығаратын адамның өзі; құрылыста, бөлмелердің ішін өңдеу, едендерді жабу, жиһаз жасау, киім тігу үшін қолданылатын материалдар; газ плиталары, үйді жылытатын құралдар, темекі түтіні т.б. жатады (7.4.-кесте).

Кесте

Жабық бөлмелердегі ауаны ластаушы көздері және негізгі ластайтын заттар

Ластаушылардың көздері Ластаушы заттар
Адам Өмір сүру үрдісінде бөлінетін антропотоксиндер
Атмосфералық ауа Азот, күкірт, көміртек тотықтары, күйе, шаң, қорғасын, автокөліктен бөлінетін газдар және басқа химиялық қосылыстар
Құрылыста және бөлмелерді өңдеуде, жиһаздар жасауда, кілем тоқуда, киім тігуде, т.б. қолданылатын материалдар Полимерлік материалдардың құрылымының бұзылу өнімдері - бензол, стирол, формальдегид, винилхлорид, циклогексан, аммиак және т.б.
Газ плиталары, үйді жылытатын құралдар Тұрмыста қолданылатын газдың толық жанбаған өнімдері, ароматты көмірсутектер, радон
Тұрмыстық химия заттарын қолдану Кір жуатын ұнтақтар, косметикалық заттар, дезодоранттар, зарарсыздандыратын препараттар, пестицидтер, т.б.
Ғимараттардың құрылыс конструкциялары және олар орналасқан жердің топырағы Олардан бөлінетін зиянды заттар
Темекі түтіні Стирол, бензол, ксилол, акролеин, гидразин, фенол, никотин, нитрозоаминдер, полоний-210, көміртек, азот, күкірт тотықтары, т.б.

 

Қазіргі кезде бөлме ішінде күннен-күнге химиялық және биологиялық ластаушы заттардың жаңа көздері пайда болуда, онымен бір уақытта шудан қорғану, жылу жоғалтуын азайту мақсатында бөлмелердің герметикалылығын арттыру беталысы өсуде. Бұлар бөлмеде ауа алмасуының күрт төмендеуіне және аудағы ластаушы заттардың концентрациясының жоғарылауына әкеп соғады. Осыған байланысты, шешуді қажет ететін, бөлмедегі ауа сапасының нашарлау мәселесі барған сайын маңызды болып отыр.

Тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттардың бөлмелеріндегі ауа ортасын ластайтын маңызды көздерінің бірі адамдардың тыныс алуынан шыққан ауа болып табылады. Оның құрамында, атмосфералық ауамен салыстырғанда, оттегінің мөлшері аз, көмірқышқыл газы 100 есе көп, ол су буымен қаныққан, дене температурасына дейін қызған және ионсызданған. Бұдан басқа, оның құрамында адам ағзасының зат алмасу үрдісінде пайда болатын ұшқыш өнімдері - антропотоксиндер болады. Олардың құрамына 30-дан аса газ түріндегі өмір сүру үрдісінің өнімдері (иіс газы, аммиак, ацетон, көмірсутектер, күкірсутек, альдегидтер, органикалық қышқылдар, диэтиламин, метиацетат, крезол, фенол. т.б.) кіреді. Бұлардан басқа, бөлмелердің ауасына тағы терінің бетіндегі, киімдегі, бөлме шаңындағы органикалық заттардың ыдырауы кезінде пайда болатын 400-ге жуық ұшқыш заттар түседі.

Адамның өзіне қарағанда, бөлме ауасын ластаушы заттардың маңыздырақ көзі, гидро- және жылуоқшаулау, еденді жабу, қабырғаларды өңдеу, есіктер мен терезелерді пластиктен жасау үшін құрылыста қолданылатын полимерлік материалдар болып табылады. Олардан жиһаздар, синтетикалық кілем заттары, линолеум, синтетикалық желім, заттың жиектерін сылайтын заттар, сырлар және т.б. жасалады. Олардың ескіруінің немесе дұрыс пайдаланылмауының нәтижесінде құрылымының бұзылуы үрдісінде ауаға әр түрлі қосылыстар (бензол, стирол, формальдегид, винилхлорид, циклогексан, аммиак, ацетон, бутилакрилат, циклогексан, т.б.) бөлініп шығады. Бұл заттардың ішіндегі көпшілігінің уытты, сенсибилизациялаушы, тітіркендіргіш, ал кейбіреулерінің, канцерогенді де әсері бар. Олардың ауадағы концентрациялары өте жоғары мөлшерге жетуі мүмкін. Мысалы, формальдегидтің тұрғын үй бөлмелеріндегі концентрациясын жеке жағдайларда оның өнеркәсіп жағдайындағы бөлініп шығатын мөлшерімен салыстыруға болады.

Пәтердегі барлық бөлмелердің ауасын газ плиталар едәуір ластайды, олар 1 сағат бойына жұмыс істегенде, атмосфералық ауадағы, ШРЕК-нен бірнеше рет асатын, СО2, формальдегид, азот тотықтары, бензол, бенз(а)пирен концентрацияларының едәуір жоғарлауына әкеп соғады. Табиғи газ жанғанда, сондай-ақ бөлмеге, мәні бойынша өкпе обыры пайда болуының екінші себебі болатын, радон бөлінеді. Пәтерлердегі радон көздеріне, сонымен қатар ғимарат астындағы грунт және құрылыс материалдары, сыртқы ауа, су құбырларындағы су, әсіресе, артезиан суы жатады. Радонның біраз мөлшерін алюминий өндірісінің қалдықтарынан, домна пешінің шлактарынан, тас көмірдің күлінен, фосфор кендерін өңдеу өнімдерінен жасалған құрылыс материалдары бөледі (XII - тарау).

Жабық бөлмелердің ауа ортасын ластайтын ең таралған көздерінің бірі темекі шегу болып табылады. Темекі түтінінің құрамында 4 мыңға жақын химиялық қосылыстар болады, олардың ішінде бөлмелердің ауасында уытты (стирол, бензол, ксилол, акролеин, гидразин, фенол, никотин) және канцерогенді заттар (нитрозоаминдер, полоний-210) және т.б. жоғары концентрациясында кездеседі. Темекі шегу өкпе обыры себептірінің ішінде бірінші орынды алады, және де пассивті темекі шегетіндер де ауырады.

Құрылыста кеңінен қолданылатын басқа канцерогенді зат та – асбест бөлмелер ішінде қауіпті болып табылады. Егер, асбоцементті плиталарының бүтіндігі бұзылса, мысалы, жөндеу жұмыстары кезінде, асбест талшықтары ауаға түсіп, тіпті қысқа уақыт әсер етуінің өзінде, ұзақ жасырын кезеңінен (10 және одан да көп жылдардан) кейін өкпе рагі, өкпеқабының және ішастарының мезотелиомасы дамуына әкеледі. Тұрмыстық химия заттарының да аллергиялық және жиі, уытты әсері болады.

Үй ауасы ортасының едәуір ластануының көріністерінің бірі, «ауру ғимараттар синдромы» болып табылады. Ауру ғимараттар санатының біріне - «уақытша ауру» - жақында салынған немесе қайта құрылған ғимараттар жатады. Оларда болған кезде, адамдарда әлсіздік, қажғыштық, бас ауыруы, көз коньюктивасының, мұрын, тамақтың шырышты қабыгының тітіркенуі пайда болады. Біраз уақыт өткеннен соң, құрылыс материалдарының және беттерді қаптайтын материалдардың құрамындағы ұшқыш заттардың бөлініп шығуы азаюына, линолеумді ауыстыруға, желдетілуге, т.б. байланысты, бұл құбылыстар кетеді. Ғимараттардың басқа санаты - «үнемі ауру» ғимараттар. Бұлардың ауасындағы ластаушы заттардың мөлшері ШРЕК-тен аспайды, бірақ мұндай ғимараттардың ішінде болу кезінде, адамдарда ауруның барлық белгілері байқалады, ал ғимараттардан шыққан кезде, бұл белгілер азайып немесе жойылып кетеді. «Ауру ғимараттар» синдромының пайда болу себебі, ластаушы заттардың уландыратын әсерлерінің синергизм эффектісі болып табылады деп болжайды.

Нашар желдетілетін жабық бөлмелердің ауасы адамдарға қолайсыз әсер етеді. Бұл кезде адамның көңіл-күйі нашарлайды, қапырыққа, тыныс алуының қиындауына, басында ауырлық сезімі болуына, бас ауыруына, тершеңдікке, ұйқышылдыққа, ой еңбегіне, одан кейін дене еңбегіне де қабілетілігінің төмендеуіне шағымдары пайда болады. Бұрынғы кездерде, бөлме ауасын ластаушы көздері негізінен адамдар болғанда, нашар желдетілетін бөлмелердегі адамның өзін жайсыз сезінуін және хал жағдайының нашарлауын, оның өмір сүруімен байланысты өттегі концентрациясының азаюы, көмірқышқыл газы мен антропотоксиндер мөлшерінің артық болуы, ауаның температурасы мен ылғалдылығының жоғарылауы, ионсыздануы, т.б. сияқты факторлар кешенінің әсеріне жатқызған. Іс жүзінде бұл факторлардың бәрін анықтау қиын болғандықтан, ауа ортасының сапасын гигиеналық бағалауды осы аталған көрсеткіштердің біреуі – СО2 мөлшері бойынша жүргізген, себебі, ауаның басқа ингредиенттермен ластануы жогарлаған сайын, оның концентрациясы да өсе береді (ΙΙΙ-тарау. 5 бөлім). Алайда, бұл көрсеткіш қазіргі кезде тұрғын және қоғамдық үйлердің ауа ортасының сапасын бағалайтын абсолюттік критерий ретінде санауға болмайды, себебі, ауаға тек антропогендік (адамның өмір сүруімен байланысты) заттар ғана емес, сонымен қатар, басқа да көздерден ластаушы заттар түседі. Бұл көздерден түсетін ластаушы заттардың концентрациялары антропогендік СО2 концентрациясымен ешқандай байланысты емес және, СО2 қалыпты деңгейде болған кездін өзінде де, олар ШРЕК-тен өте көп артық болуы мүмкін. Сондықтан, тұрғын үй бөлмелері мен қоғамдық ғимараттардағы ауаның сапасын бағалау үшін тек СО2 ғана емес, гигиеналық жағынан аса маңызды болып саналатын ондағы басқа да химиялық заттардың мөлшерін анықтайды. Олардың мөлшері атмосфералық ауаға арналған о.т. ШРЕК–тен аспауы керек. Ауаның жалпы органикалық ластануы жөнінде оның тотыққыштығы бойынша пікірге келуге болады. Ауаның тотыққыштығы бұл 1 м3 ауадағы органикалық заттардың тотығуына жұмсалған оттегінің мөлшері (мг). Таза ауаның тотыққыштығы 6-8 мг О2/ м3 аспайды.

Жабық бөлмелердің ауасы үнемі биологиялық ластануға ұшырайды. Ластаушы көзі негізінен, науқас адамдардың, бациллотасымалдаушылардың тыныс жолдарының кілегейлі қабықтары, үй жануарлары, құстар (көгершіндер, тотықұстар) болып табылады. Олар түшкіргенде, жөтелгенде, сөйлескенде ауаға құрамында микроорганизмдер бар сұйықтықтың өте майда тамшылары бөлінеді. Олардың ауа құрамында сақталу мерзімі тамшылардың өлшеміне байланысты. Ірі тамшылы аэрозольдер (100 мкм ден артық) салмағының ауырлығына қарай еден мен заттарға тез қонады. Құрамында өлшемі орташа (20-100 мкм) және майда (1-2 мкм) тамшылары бар аэрозольдер ауада ұзақ уақыт болып, заттарға едәуір баяу қонады. Олардың қонуы, тамшылардың кебуі мен олардың өлшемдірінің кішірейуі нәтижесінде баяулайды. Тамшылар кепкен жағдайда ұзақ уақыт ауада сақталып, ауа ағынымен бірге басқа бөлмелерге де таралатын бактериялық шаң түзеді. Еденге, төсек орынға, киімдер мен басқа да үй заттарына қонып, адамдар қозғалғанда, жүргенде, төсек салғанда, үй тазалағанда өздерінің қауіптілігін сақтай отырып, қайтадан ауаға көтеріледі. Айта кету керек, шаңда оның өзінің тіршілігін барлық микробтар емес, тек айырықша, тұрақтылығымен ерекшеленетін жеке қоздырғыштар: туберкулез микобактериялары, спора түзуші бактериялар, микроскопиялық саңырауқұлақтар және басқалар сақтап қалады.

Үйдің ауасында, әр түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарынан басқа, әр түрлі микроскопиялық саңырауқұлақтар мен мүктердің споралары, қарапайымдылардың цисталары және матрацтарда, кілемдерде, жұмсақ жиһаздарда, төсек жабдығындатіршілік ететін үй кенелері болады. 1 г шаңда 500 дейін кенелер болуы мүмкін. Кенелердің айқын сенсибилизациялаушы әсері бар. Бронх демікпесімен ауыратын науқастардың көпшілігінде кенелермен ластанған ауамен тыныс алғанда аллергиялық реакциялар байқалады. Азық-түлік өнімдерімен қоректенетін үй кенелері (ұн, ірімшік) адамның тыныс жолына шаңмен бірге түскенде, тыныс мүшелерінде акаридоз туғызуы мүмкін. Зең және басқа да саңырауқұлақтардың спораларымен ластанған ауамен тыныс алу да қауіпті болып табылады. Қоршаған ортада кеңінен таралған зең саңырауқұлақтары негізінен өкпенің зақымдануымен; кейде гематогенді жолмен де таралуымен сипатталатын аспергилезді тудырады. Тотықұстар және басқа сәндік құстар ауыр зоонозды инфекцияның – орнитоздың көзі болып табылады. Тотықұс иелерінде, кейін пневмосклероз дамуына әкеп соғатын, аллергиялық альвеолит пайда болуы мүмкін.

3.3. Желдету. Дұрыс ұйымдастырылған ауа алмасуы (желдету), яғни жабық бөлмедегі ластанған ауаны таза ауамен алмастыру, бөлмелердегі ауаның ластануымен күресу шараларының бірі болып табылады. Желдету, бұдан басқа, микроклиматты жақсартуға мүмкіндік тұғызады және эпидемияға қарсы маңызы бар.


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 2850 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.008 сек.)