АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 29 страница

Улануға үй жағдайында дайындалған консервілерді: тұздалған және маринадталған саңырауқұлақтарды, банкідегі көкөніс, жеміс, ет және балық консервілерін тағамға қолдану жиі себепші болады, алайда аурудың дамуында сүрленген және ысталған етті, балықты, шикідей ысталған шошқа етін, шұжықты, тұздалып қақталған балықтың жон етін қолданудың да ролі аз емес. Зауытта жасалған консервілерді қолданғанда, ботулизм сирек кездеседі (2-3%), себебі, өңдеу технологиясының ережесі қатал сақталады. Сондай-ақ, естен шығармайтын жағдай, бірнеше сағат жылы жерде сақталған дайын тағамды қайтадан жоғары температурада өңдемей, қолданған кезде улану дамуы мүмкін.

Ботулизм кезіндегі жасырын кезең 2-3 сағаттан 6-14 тәулікке дейін созылады. Ботулотоксиннің әсеріне тән өзгеріс мидың бульбарлық орталықтарының зақымдануы. Аурудың басында әлсіздік, бас ауруы, жүрек айнуы, құсу, іші өтуі түріндегі ауруға тән емес көріністер байқалуы мүмкін. Содан кейін, аурудың өзіне тән симптоматикасы пайда болады, оның ішінде ең ерте білінетіні, көруінің бұзылуы: көзіне қос көрінуі, көз алында тор тұрған секілденуі, птоз, қитарлануы, мидриаз. Әрі қарай жұмсақ таңдай, тілі, жұтқыншақ, көмекей, еттерінің, бет еттерінің параличі (сал) қосылады, осының салдарынан, аурудың бетінде танымайтындай өзгеріс болады, тағам шайнау, жұтыну үрдістері қиындайды, сөйлеуі бұзылады, тіпті афония жағдайына дейін жетеді. Аурудың кейінгі сатыларында асқазан және ішек еттерінің парезі нәтижесінде, тұрақты ішінің жүрмеуі, метеоризм дамиды. Біртіндеп тыныс алуы мен жүрек-тамыр қызметінің бұзылуы күшейе береді. Тыныс алуға қатысатын еттерінің парезі болуы мүмкін. Температурасы, әдетте, қалыпты немесе қалыптыдан төмендеу. Аурудың ұзақтығы 4-8 күннен 3-4 аптаға дейін созылуы мүмкін.

Тыныс орталығының салдануы нәтижесінде, өлімге әкеп соғуы мүмкін. Ботулизм кезінде, ботулизмге қарсы қанның сары суын қолданбаса, өлім өте жоғары 60%-дан 90% дейін жетеді.

Бактериялық токсикоинфекциялар мен токсикоздардың алдын алу бірнеше бағыттарда жүргізіледі:

· қоздырғыштың көзін оқшаулау;

· шикізаттардың, азық-түліктердің және дайын тағамның қоздырғыштармен ластану жолдарын тоқтату;

· қоздырғыштардың көбеюі мен токсиндері түзілуіне кедергі жасайтын жағдай жасау;

· микроағзаларды жою;

Жоғарыда көрсетілгендей, инфекция көздері жиі- жануарлар және адам болып табылады. Терісінде және шырышты қабықшасында іріңді аурулары, жоғары тыныс жолдарында, тіс-жақ жүйесінде қабыну аурулары бар адамдар және бактерия тасымалдаушылар тағам нысандарындағы жұмысқа жіберілмейді. Инфекция көздері жануарлар болуы ықтимал жағдайларда, ауру және бацилла тасымалдаушы жануарларды анықтау мақсатында, оларға мұқият мал дәрігерлік - санитарлық бақылау жүргізіледі.

Микробтардың тұқымданып кету жолдарын тоқтатуға, малды сою, шикі заттарды өңдеу, тасу және сақтау, тағам дайындау кездеріндегі талаптарды сақтау арқылы қол жеткізеді. Мысалы, малды сою, шикідей ысталған сан етін дайындау кездерінде ұшалардың жермен, малдың қиымен, ішектің ішіндегілермен ластануына жол бермеу керек, тез ішек-қарнын ұшадан шығарып алу және қанын толық ағызу қажет. Бекіре тұқымды балықтардан жон етін алып тұздап қақтауды, сондай-ақ кез-келген балықты ыстау, тұздау үшін аулағаннан кейін тез сойып, тазалаған жас балықты ғана пайдалану керек. Көкөніс пен жемістерді жердің бөлшектерінен мұқият жуып тазалау керек. Консервілеу үшін жатып қалған, бұзылған көкөністерді, жемістерді, жидектерді пайдалануға болмайды. Тағам дайындау кезінде шикізаттардың, жартылай дайындалған азықтардың (фабрикат), дайын тағамдардың бір-біріне жанасуын болдырмау керек. Кәсіпорындарда санитарлық режимді, қызметкерлердің жеке адам гигиенасының ережелерін сақтауы міндетті түрде. Жәндіктермен және кеміргіштермен күрес жүргізілуі тиіс.

Микроағзалардың көбеюінің және токсин түзуінің алдын алу үшін, тағам дайындау кезінде қоздырғыштардың жансыздануын қамтамасыз ететін жоғары температурада өңдеу режимін сақтайды, ал азық-түліктер мен тағамды сақтау кезінде микробтардың көбеюі мен токсин өндіруін толық тоқтататын температура жағдайын (2-4ºС) пайдаланады. Жоғары температурада өңдеудің ең жақсы әдісі -автоклавта өңдеу, ол тек өндіріс жағдайында ғана мүмкін болады.

Тұрмыс жағдайында стерильдеуді суы қайнап тұрған кастрюльдерде жүргізу керек, жидек жемістер үшін қайнату уақыты 20-30 мин., орамжапырақ және басқа көкөністер үшін 1,5 сағатқа дейін.

Тез бұзылатын азықтарды өткізуге (сатуға) бекітілген уақыттарын сақтаудың да үлкен маңызы бар.

Микроб текті тамақтан улануларға микотоксикоздар жатады. Құрамында әр түрлі микроскопиялық саңырауқұлақтардың тіршілік өнімдері болып табылатын, микотоксиндері бар азықтарды тамаққа қолданғанда пайда болады.

Микотоксиндер, тағамды ластаушы заттардың ішіндегі ең бір қауіптісі. Олардың улылығы жоғары, сондай-ақ, канцерогенді, мутагенді және тератогенді қасиеттері бар. Қазіргі кезде улары тамақтан улану тудыра алатын микроскопиялық саңырауқұлақтардың 250-ден артық түрлері анықталған. Микотоксикоздарға: фузариотоксикоздар, афлатоксикоздар, эрготизм, охратоксикоз, «сары күріш ауруы», т.б жатады.

Фузариотоксикоздарды Fuzarium текті саңырауқұлақтардың улары тудырады. Уланудың клиникалық көріністері әр түрлі және тағамдық азықты ластаған саңырауқұлақтың түріне байланысты. Ашаршылық кезеңде (1931-1943ж.) және Ұлы Отан соғысы жылдары ең жиі кездескен фузариотоксикоздардың бірі, қыста далада қалған астықтан жасаған нанды тағамға қолданған кезде пайда болған алиментарлық-уландыратын алейкия. Уланудың себебі, дәнді дақылдарды көп мөлшерде ластаған Fuzarium sporоtrichella саңырауқұлағының уы (токсині). Айта кету керек, бұл саңырауқұлақ тек қардың астында қалған астықты зақымдандырып қоймайды, сонымен қатар, соңғы жылдары анықталғандай, ауа райының жағдайына байланысты кеш жиналған астықты да, сондай-ақ, ылғалдылығы жоғары және төмен температура жағдайында сақталған астықты да зақымдайды.

Улануға тән өзгеріс, сүйек кемігін гипо- немесе аплазияға әкеп соғатын қан түзуші мүшелердің удан зақымдануы. Оның негізгі көріністері, барған сайын үдей түсетін панцитопения – лейко-, эритро- және тромбоцитопения, геморрагиялық бөртпелер пайда болады, мұрнынан, тамағынан, ішегінен, т.б. мүшелерінен жиі қан ағады, сепсистік ангина, денесінің әр жерінде іріңді үрдістер пайда болуымен білінеді. Өлім-жітім көп, бірақ тез шара қабылдаған кезде аурудың жазылуы мүмкін. Алиментарлық-уландыратын алейкияның алдын алу, қыста қардың астында қалған азықтарды пайдалануға тыйым салу, астықты өз уақытында жинап алып, зақымдануына жол бермеу және оның ылғалдануын болдырмайтын жағдай жасау.

«Мас наннан» улану, Fusarium graminearum саңырауқұлағымен ластанған әр түрлі астық түрлерінен жасалған азықтарды тағамға қолдану кезінде пайда болады. Саңырауқұлақ өндіретін токсин, басым орталық жүйке жүйесіне әсер етеді, ал уланудың клиникалық көріністері, алкогольден масаюды еске түсіреді. Сондай-ақ, гастроэнтерит симптомдары байқалуы мүмкін, ал зақымданған азықты ұзақ уақыт қолданған кезде анемия және психикалық өзгерістер болуы мүмкін.

«Қызыл зеңнен» улану – ниваленол, фузаренон, ниваленол-ацетат іспеттес улар өндіретін «қызыл зеңмен» - Fusarium текті микроскопиялық саңырауқұлақпен зақымданған бидай, арпа, күріш, т.б. дәнді дақылдардан жасалған азықтарды тағамға қолданғанда пайда болатын ауру. Бұл улану түрлері салыстырмалы түрде жақын арада Жапонияда жазылған болатын және асқазан-ішек жолдары мен орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен сипатталады. Fusarium текті саңырауқұлақтардың кейбір түрлері зеарленон токсинін өндіреді, мұның эстрогенді әсері бар, ірі қара малда түсік болуына, бедеулікке әкеп соғады, құстардың жұмыртқалауын төмендетеді.

Афлатоксикоздар – негізінен, Aspergillus (A. Flavus, A. Parasiticus), сирегірек Penicillum және Rhizopus саңырауқұлақтары өндіретін афлотоксиндермен ластанған азықтарды қолданумен байланысты тамақтан уланулар. Микроскопиялық саңырауқұлақтардың бұл түрлері табиғатта көп таралған. Олардың улары (токсині) арахиста (жержаңғақ), мақтаның дәнінде, жүгеріде, күріште, соргода (қонақ жүгері), пістеде жиі кездеседі. Афлатоксиндер жануар текті тағамдық азықтарда да – сүтте, етте, жұмыртқада, сырда үлкен концентрацияда пайда болуы мүмкін. Афлатоксиндер сүтке, жануарлардың тіндері мен мүшелеріне ластанған жемнен түсуі мүмкін. Олардың қарқынды тұқымдануы және токсин түзуі басқа да азықтарда: жүзімде, шабдалыда, алмада, шырындарда, т.б. байқалуы мүмкін.

Афлатоксиндердің күшті гепатотоксиндік және гепатоканцерогендік әсері бар. Дамитын уланулар жедел немесе созылмалы түрде болуы мүмкін. Жедел түрлері сирек кездеседі, олар құрамында афлатоксиндердің концентрациясы үлкен (0,2-ден бірнеше мг/кг дейін) тағамдарды қабылдаған кезде байқалады. Жедел түрлеріне бауырда некроз және майлану дамуы, удың әсерінен бүйрек пен жүйке жүйесінің зақымдануы тән. Ауырған адамдарда сіңір тартылуы (судороги) парез (босаңсу), қимыл үйлесімділігінің (кординация) бұзылуы, диарея, геморрагия, асцит байқалады. Созылмалы түрінде бауыр циррозы және біріншілік бауыр обыры дамиды.

Охратоксикоздар. Охратоксиндерді негізгі өндірушілер A. ochraceus және P. viridicatum. Охратоксиндер өсімдік текті де (қара бидай, арпа, бидай, жүгері, т.б.) және жануар текті де (ет, сүт, т.б.) азықтарда кездеседі.

Охратоксиндер өзінің улылығы жағынан афлатоксиндерге жақын, көбінесе бүйрекке улы әсер етіп, үй құстары мен шошқаларда нефропатия дамуының себебі болады. Адамдарда Балкандық эндемиялық нефропатия кеселінің дамуында да, охратоксиндердің ролі жоққа шығарылмайды.

«Сары күріш» ауруы. Бұл ауру түрі, бірінші рет Жапонияда жазылған, Penicillium citrioviride саңырауқұлақтары зақымдаған күрішті қабылдаған кезде байқалды. Олардың улары (сары пигмент) айқын нейроуыттылық әсер етеді. Азықты қолданудан алып тастаса сауығады.

Эрготизм. Claviceps purpurea микроскопиялық саңырауқұлақтың склероциясы (тыныштық сатысындағы) қара күйе (спорынья) зақымдаған астықтан жасалған тағамды қабылдаған кезде дамиды. Қою күлгін түсті улы қарамық (рожки спорынья) өзінің 4 см дейінгі өлшемімен ерекшеленеді. Қара күйенің улылығы, лизергин қышқылының алколоидтары – эрготамин, эргометрин, эрготоксин және т.б., сондай-ақ биогенді аминдердің – гистамин, тирамин, т.б болуымен байланысты. Бұл қосылыстар қыздырғанға өте төзімді және ұзақ уақыт сақтаған кезде де, өзінің белсенділігін жоғалтпайды.

Қара күйеден улану жедел және созылмалы түрлерінде өтуі мүмкін. Жедел өтуінде эрготизмнің тырыспалы, конвульсивті түрі деп аталатын орталық жүйке жүйесінің зақымдануы байқалады. Оған тоникалық тырысу (сіңір тартылуы), бас айналуы, галлюцинация, есінің бұзылуы, эпилепсия тәрізді тырысу тән. Мұндай симптоматикасы «қатты құрыспа» (злая корча) деп аталатын эрготизмнің басқа аты үшін негіз болды. Жедел зақымдануы кезінде асқазан-ішек жолдары жағынан да, жедел гастроэнтерит түрінде өтетін құбылыстар жиі кездеседі.

Эрготизмнің созылмалы түрі, белгілі бір уақыт бойына зақымданған дәнді дақылдардан жасалған тағамды қабылдаған кезде пайда болады. Бұл жағдайда жүйке жүйесінің де және дененің әр түрлі жерлерінде қан айналымының бұзылуына және некроз дамуына әкеп соғатын (гангреналық түрі) қан тамыры -жүйке аппараттарының зақымдануы мүмкін.

Микотоксикоздардың алдын алу мына шараларды қамтиды:

· Микроскопиялық саңырауқұлақтардың көбеюіне кедергі жасайтын шаралардың сақталуын: астықтарды уақтылы жинау, астық сақтайтын қоймалардың ылғалдылығын төмендету және жеткілікті дәрежеде желдету, қоймаға жинау алдында астықты кептіру, т.б.;

· Азық-түліктерді және малдың жемдерін микологиялық бақылауға алуды;

· Тағамдық азықтарда микотоксиндерді нормалауды;

· Басқа елдерден әкелінетін азықтарға микологиялық бақылау жүргізуді, бірінші кезекте, азық-түлікті негізгі өндіретін және микроскопиялық саңырауқұлақтармен жиі ластанатын елдерден әкелінетін азықтарға, мысалы, жер жаңғағының 70% дейінгі бөлігі Азия және Африка елдерінде, күріштің 90 % дейінгі бөлігі Оңтүстік-Шығыс Азияда, жүгерінің 40% дейінгі бөлігі АҚШ-та өндіріледі;

· Микотоксиндерді ШРЕК-тен асатын азықтарды және де көгерген азықтарды қабылдауға тиым салуды;

· Халық арасында микотоксикоздар анықталса, күдікті азықтарды конфискелеуді.

9.2. Табиғаты микробтық емес тамақтан уланулар. Бұл уланулардыулы қасиеттері бар, белгілі бір жағдайларда улылық қасиет пайда болатын азықтар және әр түрлі химиялық қоспалар тудырады. Өзінің табиғатынан улы азықтардың тобына улы саңырауқұлақтардан, кейбір жабайы және қолдан өсетін өсімдіктерден, балықтар мен жануарлардың жеке түрлерінің тіндері мен мүшелерінен уланулар жатады.

Саңырауқұлақтан уланулардың ең қауіптісіне, боз уқұлақтан, тілікқұлақтан, шыбынжұттан уланулар жатады.

Боз уқұлақ -ең улы саңырауқұлақтардың қатарына жатады. Одан уланулар 50-90% жағдайда өліммен аяқталады. Уланудың себебі, боз уқұлақтың қозықұйрыққа (шампиньон) және сазқатпаның кейбір түрлеріне ұқсастығында. Олардан боз уқұлақтың айырмашылығы, сабағының (ножки) асты түйнек тәрізді жуан және ақ жағасы болады. Боз уқұлақтың әсері, құрамында улылығы жоғары, ас қорытатын ферменттердің әсеріне тұрақты және жоғары температура әсерінен кейін өзінің белсенділігін сақтап қалатын α-, β-, γ- аманитиндер мен фаллоидин болуына байланысты. Саңырауқұлақты қабылдағаннан 10-12 сағат өткеннен соң, іші қатты ауырады, толассыз құсу, тырысқақ ауруындағы сияқты іш өтуі пайда болады, содан соң ағзаның сусыздану белгілері, дененің сарғаюы, анурия қосылып, одан әрі үдей түседі. Ауру 2-3 күннен кейін, сирегірек 9-10 күндері өледі.

Шыбынжұт. Өзіне тән түрі бар – басы ашық - қызыл, үстінде ақ үлпектері бар, сондықтан да олардан улану сирек кездеседі, негізінен балалар уланады, оларды түсі қызықтырады.

Шыбынжұттан улану, орталық жүйке жүйесіне улы әсер ететін, құрамындағы мускарин және мускаридин алкалоидтарынан пайда болады. Инкубациялық кезеңі қысқа 1-6 сағат, клиникалық белгілері ауызынан сілекей ағуымен, құсумен, іш өтуімен, көздің қарашығының кішіреюімен, ауыр жағдайында – елес, сандырақтау, сіңір тартылуымен сипатталады. Боз уқұлақтан уланған кездегідей жиі болмаса да аурудың өліммен аяқталуы мүмкін.

Шартты түрде жеуге жарамды саңырауқұлақтардың ішінен тілікқұлақтарды айта кеткен жөн. Олардан уланулар, сыртқы түрі ұқсас жеуге жарамды тыржыңқұлақтардың орнына жаңылысып жинау нәтижесінде пайда болады. Тілікқұлақтың құрамында бауырды айқын зақымдайтын әсері бар өте улы қосылыстар – гирометрин алколойды және бауырға тигізетін әсерінен басқа гемолитикалық әсері бар гельвел қышқылы болады.

Гельвел қышқылы суда жақсы ериді және саңырауқұлақты алдымен қайнатып пісірген кезде, қайнатқан суға өтеді. Ал гиромитрин болса, жоғары температураға тұрақты және суда қайнатқаннан кейін де саңырауқұлақта қалады. Сондықтан да, алдымен қайнатып, қайнатқан суды төгіп тастамай сорпа, қуырылған саңырауқұлақ, т.б. түрінде қабылдаған кезде уланудың ауырырақ түрлері байқалады. Уланудың бірінші белгілері саңырауқұлақты қабылдағаннан соң 3-20 сағаттан кейін, орта есеппен 8-10 сағаттан соң пайда болады. Асқазанның тұсында асқазан толып кеткен сезім, жүрек айну, толассыз құсу, сирек - диарея байқалады. Уланудың 2-3 тәулігінде терінің сарғаюы, әлсіздік, субфибрильді температура, жүрек қызметінң бұзылуы пайда болады, 20-25% жағдайда комаға және өлімге әкеп соғады.

Саңырауқұлақтардан уланудың алдын алу үшін:

· Жеуге жарамды саңырауқұлақты біліп жинау қажет, жинаушылардан тек сұрыпталған саңырауқұлақтарды қабылдап алу керек, сұрыпталмаған саңырауқұлақтарды, сондай-ақ, сабағы (аяғы) жоқ қатпарлы саңырауқұлақтарды, саңырауқұлақтардан жасалған салаттарды, уылдырықтарды және майдаланған түріндегі басқа да өнімдерді сатуға тиым салу керек;

· Қатпарлы саңырауқұлақтарды, алдымен тұздалған суда 5-7 минут қайнатып ағып тұрған суда жуғаннан кейін, тек тұздалған немесе маринадталған түрінде қабылдау керек;

· Кәсіпорындарда саңырауқұлақ өнімдерін дайындау кезінде, оны қатал бекітілген гигиеналық талаптарға сәйкес жүргізу қажет, халық арасында санитарлық-ағарту жұмысын жүргізу керек;

Улы өсімдіктерден улану. Мұндай уланулар,негізінен жасы кіші балаларда байқалады, олар білмегендіктен улы өсімдіктердің жидектерін, тамырын, сабақтарын және басқа да бөліктерін жаңылысып жеуге жарамды деп қабылдауы мүмкін. Кейде, осы өсімдіктерден жасалған тұндырмаларды және қайнатпаны өзін өзі емдеу мақсатымен қолдану кезінде де, уланулар болуы мүмкін. Жиі улану себебі болатын, жабайы және мәдени өсімдіктерге жататындар меңдуана, сасық меңдуана, итжидек, сасық қурай, теңбіл убалдырған, ит ақжелек, қасқыр жидек, жабайы көкнәр, майкене, сүйелшөп, т.б.

Меңдуана (белена), итжидек (красавка), сасық меңдуананың (дурман) улы әсер ететін заттары бірдей деп айтуға болады, олар гиосциамин, атропин, скополамин және басқа да атропин тобындағы алколоидтар. Меңдуананың жапырағы алаботаға, тамыры ақжелектің (петрушка) тамырына, ал ұрығы тарыға ұқсас. Итжидектің жидегі шиеге ұқсас ашық түсті және дәмі тәттілеу. Уланудың инкубациялық кезеңі өте қысқа- 10-20 минуттан 1 сағатқа дейін. Ауызы және тамағы құрғау, дауысы қарлығу, беті қызару, көздің қарашығы үлкею, көруінің бұзылуы, психикалық қозу, мазасыздану, тыныс алуы және жүрек қызметінің нашарлауы, есі шатасу, сандырақтау, елестеу, дене температурасының көтерілуі, еріксіз үлкен және кіші дәреттерінің шығып кетуі іспеттес, атропиннің әсеріне тән симптомдар байқалады. Бірнеше сағаттардан кейін тыныс алудың салдануынан (семіп қалуынан) өлімге әкеп соғады.

Сасық қурай (вех ядовитый, цикута-утамыр, су убалдырған-водяной болиголов). Өсімдіктің барлық бөлігі улы, бірақ ең қауіптісі, сасық қурайдың тамыры, ол ақжелек пен балдыр көктің тамырына ұқсас және иісі де солардай. Сасық қурайдың құрамында өте улы цикутотоксин бар, оның улылығын ботулотоксинмен салыстыруға болады. Тамақ ретінде қабылдағаннан соң 20-30 минуттан кейін асқазан ауырады, жүрек айниды, құсу, іш өту, талып қалу, суық тер шығу, тыныс алуының қиындауы пайда болады, көбіршікті кейде қан араласқан сілекей шығады. Содан кейін ұстамалы түрде сіңір тартылуы, тыныс алуы мен жүрек қызметінің бұзылуы пайда болады, қан қысымы төмендейді. 1,5-3 сағаттан кейін тыныс алудың салдануынан өлімге әкеп соғады.

Қасқыр жидек (ягоды волчьего лыка), аюбадам (бузина), мақтаның ұрығы мен күнжара, т.б. жиі уланудың себебі болады. Мақтаның ұрығы мен күнжараның құрамында улы зат - госсипол бар, осыған байланысты мақта майын тек тазартқаннан кейін (рафиндегеннен) кейін қолдану қажет. Тазарту кезінде бұл қосылыс жойылады.

Арамшөп токсикозы деп аталатын ауыр уланулар, сүйелжазар (гелиотроп), есекмия (софора), қарамықша (кукол), ақсұр триходесма, есіртпе үйбидайық (плевел опьяняющий), т.б. арамшөптердің улы ұрықтарымен ластанған астықтан жасалған тағамдарды қабылдаған кезде пайда болады. Құрамында нейро- және гепатотропты әсер ететін улы алколоидтардың бірқатар кешені бар. Түбітжидекті сүйелжазардың улы ұрығымен ластанған астықтан жасалған тағамды қабылдау кезінде уланудан дамитын іш шемені қосылатын бауыр қабынуы пайда болады. Ауру ұзаққа созылады (бірнеше айларға) бауырдың қызметі баяу қалпына келеді, жиі (20-30%) өлімге әкеп соғады.

Ақсұр триходесма ұрығымен ластанған астықтан жасалған тағамды қабылдау, триходесманың құрамында болатын нейротропты әсері бар инканин, триходесмин, т.б. алколоидтардың себебінен энцефалиттер және менингоэнцефалиттер дамуына әкеп соғады. Кейіннен, бауырда өзгерістер, емдеуі қиын гипохромды анемия, жүрек-тамыр қызметі жеткіліксіздігінің белгілері анықталады. Ауыр жағдайларда өлім 30-35% дейін жетеді.

Алдын алу халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуден, мақтаны өңдеу кезінде талаптардың сақталуын, санитарлық бақылаудан, астықтың ластануының алдын алудан және жеке арамшөптің ұрығымен ластанған астықты тағамға қабылдауға жібермеуден тұрады.

Кейбір балық түрлерінің тіндері мен мүшелерінің тамақтан улану дамуына әкеп соғатын улы қасиеттері бар. Мысалы, Орта Азияның тұщы суаттарында көп таралған шармай балықтың уылдырығы, сүті, ішастары улы, ал еті болса мүлде зиянсыз. Кейбір басқа балық түрлерінің (севан хромулиінің, қияздың, иглобрюха, т.б.) уылдырығы мен сүті улы. Сондай-ақ, тунец, пеламида, ставрида, макрель сияқты скумбриялық балықтардан да, уланулар болуы мүмкін. Олардың еттерінде гистидин көп, сақтау жағдайы мен мерзімі бұзылған кезде гистамин тәрізді қасиеті бар заурин деп аталатын улы қосылысқа айналады. Улы балықтан уланулар Үнді және Тынық мұхиттардың тропикалық бөлігіндегі аралдарда орналасқан мемлекеттердің (Шри-ланка, Индонезия, Филлипин) тұрғындарында жиі таралған. Бұл аймақтың суларындағы тек кейбір балық түрлері ғана улы мес, сонымен қатар тропикалық моллюскалар және теңіз тасбақасының еттері де улы.


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 594 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.009 сек.)