АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 50 страница

Олардың жұмысы цехтік қағида (принцип) бойынша құрылады. Бұл дегеніміз, әрбір цехқа, емдеу-алдын алу жұмысына жауапты, дәрігер-терапевт (цехтік дәрігер) бекітіледі. Цех участкелеріне бөліп, қызмет көрсетудің артықшылығы аурудың алдын-алу мен емдеу шараларының бірлігін қамтамасыз ету болып табылады. Цехтік терапевттік учаске – жұмысшыларға өндірістік қағида бойынша жүргізілетін емдеу-алдын-алу көмегінің негізгі және бастапқы буыны: учаскеге еңбек жағдайы және өндіріс технологиясы ұқсас цехтар іріктеліп алынады.

Медициналық-санитарлық бөлім (МСБ) өнеркәсіптік денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын болып табылады. Ол құрылымында, жоғары мамандандырылған арнайы медициналық жәрдем көрсететін және клиникалық, биохимиялық, функционалдық зерттеулердің толық кешені жүргізілетін емханасы мен стационары бар кешенді медициналық бірлестік болып табылады. МСБ құрамына, сондай-ақ кәсіпорын цехтарында орналасқан дәрігерлік және фельдшерлік денсаулық сақтау пункттері, профилакториялар, ингаляция жүргізетін орындар, фотарийлер кіреді. МСБ, жұмыс істеушілерінің саны 4000-нан асатын ірі кәсіпорындарда, ал химия, көмір және мұнай өңеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істеушілер саны 2000 және одан да артық болғанда ұйымдастырылады.

Медициналық-санитарлық бөлімдері жоқ шағын өнеркәсіп кәсіпорындарына аумақтық емханаларда қызмет көрсетіледі. Бұл кезде емхана дәрігерлерінің бірі цех дәрігері болып жұмыс істейді.

Медициналық-санитарлық бөлімнің және жұмысшыларға қызмет көрсететін басқа да денсаулық сақтау мекемелерінің негізгі міндеттері:

· жұмысшылар мен қызметкерлерге жұмыс орнына максимальды жақындатылған мамандандырылған және арнайы медициналық көмек көрсету;

· кәсіптік және жалпы аурушаңдық себептерін талдау;

· кәсіпорынның әкімшілігімен, кәсіподақ және қоғамдық ұйымдарымен және СЭБ-пен бірлесіп еңбек және тұрмыс жағдайларын сауықтыру, жалпы және кәсіптік аурушаңдықтың, жарақаттанулардың, уақытша еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан аурушаңдықтың, мүгедектіктің алдын-алу жөнінде шаралар дайындау және жүргізу;

· өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары мен қызметкерлеріне алдын-алу мақсатында (алдын ала және кезеңдік) медициналық тексерулер жүргізу; диспансерлік есепке алу;

· санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу.

Бұл міндеттердің бәрі мамандығы, әдетте терапевт болып табылатын цехтің учаскелік дәрігерінің жұмысына кіреді. Цех учаскесінде бір цех терапевті 2000-ға жуық жұмысшыларға, ал таукен, химия және мұнайөңдеу кәсіпорындарында 1000-ға жуық жұмысшыларға қызмет көрсетеді Цех дәрігері цех медбикесімен бірге емдеу жұмысын да және аурудың алдын-алу жұмысын жүргізеді. Ол күнделікті емханада науқастарды қабылдайды, сонымен қатар белгілі бір сағаттарда цехтің денсаулық сақтау пунктінде жұмыс істейді.

Цех дәрігерінің жұмысында келесі бағыттарды ажыратады:

· емдеу-алдын-алу;

· санитарлық-гигиеналық;

· бұқаралық -ұйымдастырушылық-

Емдеу-алдын-алу шараларына келесілер жатады:

· өз учаскесінің терапевттік науқастарын емханада емдеу, оларға мамандардың кеңіс беруі, стационарлық және амбулаториялық арнайы емдеу түрлеріне жолдама беру;

· цехта кенеттен ауырған, жарақаттанған және кәсіби уланулар болған кезде алғашқы медициналық көмек ұйымдастыру;

· алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерді ұйымдастыру және оған тікелей қатысу, бөлінген контингенттерді диспансерлік бақылау;

· шипажайларда емдеуді, емдәмді және емдеу-алдын-алу жөніндегі тамақтануды, басқажұмысқа орналастыруды (уақытша немесе тұрақты), қажет ететін науқастарды іріктеп алу;

· кәсіптік аурулары анықталған кезде, 2 айға дейінгі мерзімге ауруды куәландыратын қағазын беріп, бір мезгілде аурухана жағдайында емдеп, науқасты еңбек жағдайы қолайлырақ жұмысқа уақытша ауыстыру;

· шипажайларға, профилакторияларға жолдама беру;

· жұмыстан ұзақ уақытқа босатып, басқа жұмысқа ауыстыру;

· емдеу-алдын-алу жөніндегі тамақтануды және басқа да сауықтыру емшараларды тағайындау;

· жасөспірімдер мен әйелдердің еңбегін қорғау жөнінде шаралар жүргізу;

· жалпы және кәсіптік аурушаңдықты үнемі есепке алу және оларды талдау.Аурушаңдықтың себептерін зерттеу негізінде емдеу-сауықтыру шараларын дайындау, олардың орындалуын бақылау.

Цех дәрігерінің емдеу-алдын-алу жұмысында диспансерлеу маңызды орын алады. Диспансерлеу - бұл, дені сау, кәсіптік ауруға күдікті адамдарды, кәсіптік аурулары және кәсіптік емес созылмалы аурулары бар, әр түрлі топтағы жұмысшылардың денсаулық жағдайын жүйелі түрде дәрігерлік бақылау әдісі болып табылады. Диспансерлеудің мақсаты жұмысшылардың денсаулығын сақтау және нығайту, сонымен қатар, әр түрлі аурулармен ауыратын науқастарды дер кезінде белсенді түрде анықтау және емдеу. Диспансерлеуді жүргізуде аурудын алдын алу жөніндегі алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулер үлкен рөл атқарады. Аурудың алдын алу жөніндегі медициналық тексеруден өтетіндерге қауіпті, зиянды заттардың және қолайсыз өндірістік факторлардың әсеріне ұшырауы мүмкін адамдар жатады.

Алдын ала жүргізілетін медициналық тексерулердің мақсаты, өндірістің қолайсыз факторларының әсерінен күшеюі мүмкін, денсаулығында өзгерістері бар адамдарды жұмысқа жібермеу болып табылады. Бұдан басқа, алдын ала жүргізілетін медициналық тексерулер, қолайсыз факторлардың әсерінен кейін денсаулық жағдайының нашарлауына әкеп соқпайтын, бірақ, белгілі бір жұмыс түрлерін орындауға кедергі келтіруі мүмкін ауруларды анықтауға мүмкіндік береді, мысалы, дальтонизм жүргізуші жұмысы кезінде және т.б. Алдын ала жүргізілетін медициналық тексерулер, жұмысқа жаңадан түсетін, жұмысшының денсаулық жағдайын ескеріп, жұмысқа оңтайлы орналастыруға мүмкіндік береді.

Кезеңдік медициналық тексерулер жалпы және кәсіптік аурулардың ерте кезеңдерін анықтау үшін және патологиялық үрдістің мұнан бұлай дамуының алдын алуға бағытталған, қажетті шараларды дер кезінде жүргізу үшін іске асырылады.

Алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерден өтетін контингентті мемлекеттік санэпидқызмет органдары анықтайды. Олар сонымен қатар, тексерумен толық қамтылғандығына, оның сапасына және дер кезінде жүргізілгендігіне бақылау жасайды, кезеңдік медициналық тексерулердің нәтижелерін жинақтап қорытуға қатысады және қорытынды актілерге қол қояды.

Міндетті түрдегі алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулер Қазақстан Республикасының Денсаулықсақтау Министрлігінің №243 «Зиянды, қауіпті және қолайсыз өндірістік факторлардың әсеріне ұшырайтын жұмысшыларды алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерден өткізу және мамандық түріне жарамдылығын анықтау тәртібі туралы» деген бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Бұл бұйрықта келесілер келтірілген:

· жұмыс істеу кезінде аурудың алдын алу жөніндегі медициналық тексерулер міндетті түрде жүргізілуі тиіс қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың тізімі;

· жұмыс істеу үшін алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерден міндетті түрде өтуі тиіс, өндірістер мен мамандықтардың тізімі, олардан өту мерзімі;

· жұмысқа қабылдауға қарсы көрсетілімдер тізімі;

· алдын алу мақсатындағы медициналық тексерулерді жүргізуге қатысатын дәрігер-мамандардың тізімі;

· қажетті зертханалық және функционалдық зерттеулердің тізімі;

· медициналық тексерулерді жүргізу бойынша жөніндегі нұсқау.

Комиссияның құрамы, қажетті зертханалық және функционалдық зерттеулер, жұмысшыларға әсер ететін факторлармен анықталады. Медициналық тексерулердің кезеңділігі өндірістік факторлардың қауіптілік және зияндылық дәрежесіне байланысты белгіленеді. Медициналық тексерулерді цех дәрігері ұйымдастырады. Ол ҚР ДМ №243 бұйрығына сәйкес, алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерді жүргізуі тиіс МСБ-нің салалық мамандарының тізімін анықтайды. Әйелдерді медициналық тексерулерден өткізу кезінде міндетті түрде дәрігер-гинеколог қатысады.

Алдын алу жөніндегі медициналық тексерулерден өту кезінде әрбір жұмысшыға және қызметкерге диспансерлік қадағалаудың бақылау картасы толтырылады, ал медицициналық тексеру жөнінде толық мәліметтер амбулаториялық науқастың медициналық картасында көрсетіледі. Тексеру нәтижелерін талдау алдындағы жүргізілген тексеруден алған мәліметтермен салыстырып жүргізілуі тиіс.

Кезеңдік медициналық тексерулердің нәтижелеріне сүйеніп, цех дәрігері зиянды кәсіптік факторлардың әсерімен байланысы жоқ жұмысқа уақытша ауыстыра алады, шипажайлық-дауажайлық емдеуге, профилакторияларда емделуге жолдама бере алады, тиісті емдеу-алдын алу жөніндегі тамақтануды және т.с.с. тағайындай алады.

Медициналық тексерулер жүргізу кезінде кәсіптік аурудың белгілері анықталған жағдайда, диагнозын дәлелдеу, аурудың мамандығына байланысын анықтау мақсатында жұмысшылар кәсіптік патология орталықтарына жіберіледі.

Жедел кәсіптік аурудың әрбір жағдайы еңбек гигиенасы жөніндегі санитарлық дәрігердің, цех ординаторының, кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысатын комиссияның тексеруіне жатады. Тексеру үрдісінде:

- кәсіптік аурудың пайда болу жағдайы мен себебі анықталады;

- еңбек жағдайы бағаланады;

- еңбек жағдайын қолайлы ету жөніндегі шаралар дайындалады.

Жедел кәсіптік ауру диагнозын – амбулаториялық-емханалық және стационарлық медициналық көмек көрсететін ұйымдар, созылмалы кәсіптік ауру диагнозын – кәсіптік патология орталықтары немесе кәсіптік аурулар клиникасы анықтайды.

Аурудың мамандыққа байланысы туралы сұрақты шешуге негіз болатын құжаттардың біріне, жұмысшының жұмыс жағдайының санитарлық-гигиеналық сипаттамасы жатады. Санитарлық-гигиеналық сипаттаманы өнеркәсіп кәсіпорыны орналасқан қаланың немесе ауданның санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы ғана құрастырады және береді. Санитарлық-гигиеналық сипаттаманы, ауырған адам жұмыс істейтін кәсіпорынның медициналық-санитарлық бөлімінің бас дәрігері, сондай-ақ, диагнозын анықтау үшін ауруды жіберген кәсіптік патология орталықтарының мамандары сұрауға құқығы бар.

Цехтік учаскеде жүргізілетін емдеу-алдын алу жөніндегі шараларға сонымен қатар, өзіне тән әсер ету бағыты бар емдеу-алдын алу жөніндегі тамақтануды ұйымдастыру мен тағайындау және сауықтыру шараларын жүргізу де жатады. Жұмысшыларға жүргізілетін сауықтыру шаралары, көбінесе, тікелей цехтардың жанында орналасқан денсаулық сақтау пункттерінде жүргізіледі. Олардың мақсаты әр түрлі факторлардың ағзаға қолайсыз әсерінің алдын-алу болып табылады. Мысалы, шаңды өндірістерде тыныс жолдарының шырышты қабықшаларынан шаңды жуып тазалайтын сілтілі инголяциялар мен ауыз қуысын шаюды қолданады. Фотарийлерде, ультракүлгін сәулеге түсіреді, ол өкпеде шаңның әсерінен склероз үрдістерінің дамуын тежейді. Дірілмен жұмыс істейтін адамдарға жұмыс арасындағы үзілістерде қолдарын уқалау, жылы процедуралар, гимнастикалық жаттығулар және т.с.с. қолданады.

Өндірісте дәрігерлердің жұмысы тек жұмысшылардың еңбек жағдайын және зиянды өндірістік факторлар тудыратын кәсіптік патологияны білген кезде ғана тиімді болады. Цех дәрігері еңбек гигиенасы дәрігерімен, кәсіпорынның әкімшілігімен, кәсіподақ және қоғамдық ұйымдармен бірге, өндірістің технологиялық және санитарлық-гигиеналық ерекшеліктерін зерттеу негізінде өндірістегі сауықтыру шараларының кешенді жоспарын жасауға және оның орындалуын бақылауға қатысады. Сондықтан цех дәрігерінің жұмысы тек емдеу-алдын-алу шараларын ғана емес, сонымен қатар гигиеналық және ұйымдастыру сипатындағы алдын-алу жұмытарын да қамтиды.

Санитарлық-гигиеналық шараларға жататындар:

· Денсаулық сақтау пунктеріндегі медицина қызметкерлері мен цехтің, тұрмыстық бөлмелердің жалпы санитарлық жағдайын, сумен қамтамасыз етілуін, тазалартылуын және жылытылуын бақылайтын санитарлық активтердің жұмысына басшылық ету;

· Өндірістік жарақаттанулар мен уланулардың себептерін тексеруге қатысу;

· Қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталуын бақылау.

· Цехтағы өндіріс технологиясын және жеке кәсіби топтардағы еңбек жағдайының ерекшеліктерін зерттеу.

· Жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбек жағдайына, еңбектің оңтайлы болуына, жұмыс орнының ұйымдастырылуына бақылау жүргізу.

Бұқаралық-ұйымдастыру жұмысы деп келесілерді түсінеді:

· Учаске бойынша және бүкіл кәсіпорын бойынша сауықтыру

шараларының кешенді жоспарын жасауға және оны орындауға қатысуын.

· Санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуді.

Санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуге, дәрігерлер де, орта медициналық қызметкерлер де міндетті түрде қатысуы тиіс. Олардың міндеттеріне кіретіндері:

· Берілген кәсіпорында орын алатын зиянды өндірістік фактордың сипатымен және әсер ету жағдайларымен жұмысшыларды таныстыру.

· Берілген өндірістегі кәсіптік патология мен жарақаттанулардың алдын алу жөніндегі негізгі шаралармен таныстыру және оларды үнемі насихаттау.

· Жеке бас және қоғам гигиенасы туралы ағарту жұмыстарын үнемі жүргізу.

3. Ой еңбегі мен дене еңбегінің гигиенасы

Еңбек гигиенасы өзінің ерекшеліктері және шешетін мәселелелерінің өзіндік мәні бойынша бір-бірінен айырмашылығы бар бірқатар іргелі бөлімдерге бөлінеді. Оларға еңбек физиологиясы, өнеркәсіптік токсикология, еңбек психологиясы жатады.

Еңбек физиологиясы еңбек іс әрекеттерінің әсерінен пайда болатын адам ағзасындағы функционалдық өзгерістерді зерттейді, сондай-ақ, адам денсаулығын және жоғары деңгейде жұмыс қабілеттілігін сақтауға, қажудың алдын алуға мүмкіндік беретін физиологиялық тұрғыдан негізделген еңбек үрдісін қолайлы ететін әдістерді зерттеп дайындайды.

Еңбектің барлық түрлерін дене және ой еңбегіне бөледі. Біріншісіне бұлшықет белсенділігінің басым болуы тән, ал екіншісіне –ой жұмысы мен шығармашылық іс әрекет тән. Белсенділіктің түрлеріне және айқындылығына байланысты келесі еңбек түрлерін ажыратады.

Едәуір бұлшықет белсенділігін қажет ететін еңбек түрлері. Бұл жұмыстар, еңбекті механикаландырмаған кезде қолданылады, энергия шығыны жоғары, – тәулігіне 17-25 МДж (4000-6000ккал) және одан да артық болуымен сипатталады. Еңбектің өнімділігі аз, дене жұмысына көп күш салуды қажет етеді. Дене еңбегі кезінде жұмыс режимі қолайлы болған жағдайда жұмыс уақытының 50% дейінгі бөлігі демалуға берілуі тиіс.

Еңбектің топтық түрлері, конвейер. Конвейерде жұмыс істеген кезде, бөлшектер бір жұмысшыдан келесісіне конвейердің жылжымалы таспасы арқылы автоматты түрде беріледі. Бұл еңбек түріне, берілген ырғақтылық, қарқындылық және жұмыс түрлерін орындаудың қатаң кезектілігі т ән. Жұмыс операцияларын орындау арасындағы уақыты аз, біркелкі жұмыстарды істеу, мұндай жұмысты өте бірсарынды етеді, уақытынан бұрын шаршатады және жүйкені тез әлсіретеді. Жұмыс операцияларын орындау үшін жұмсалатын дене күші жеңіл (мысалы, сағаттарды, микросхемаларды жинау) немесе біршама ауыр (конвейерде автокөліктерді жинау) болуы мүмкін. Жұмысшыларға, ұзақ уақыт тұру немесе отыру сияқты белгілі бір дене қалпында болуы да әсер етеді, бұл статикалық қажуды күшейтеді.

Механикаландырылған еңбек түрлері. Бұлшықетке түсетін жүктеменің азаюы, станоктарды, механизмдерді, құрал-саймандарды басқару кезінде дәл және тез қимылдар жасауды қамтамасыз ететін аяқ-қолдың шеткі бөліктерінің майда еттерін жұмысқа қатыстыру механикаландырылған еңбек түрлерінің ерекшелігі болып табылады. Энергия шығыны тәулігіне 12,5-17 МДж (3000-4000ккал) құрайды. Бұл еңбек түрі арнайы білімді және қимыл-қозғалыс дағдыларын қажет етеді. Механикаландырылған еңбек түрлеріне, мысалы, токарьдің, фрезерлеушінің, слесарьдің жұмысы жатады. Орындалатын әрекеттердің біркелкі және қабылданатын ақпараттардың көлемінің аз болуы себебінен, механикаландырылған жұмыс кезіндегі еңбектің бірсарындылығы, еңбек үрдісінің басым факторы болып табылады.

Жартылай автоматтандырылған өндіріспен байланысты еңбек түрі. Жартылай автоматты өндіріс кезінде адам жұмыс істейтін заттарды тікелей өңдеу үрдісіне қатыспайды, оның міндеті, материалды немесе бөлшекті беру, механизмді іске қосу және т.с.с. станоктарда жұмыс істеу жөніндегі қарапайым жұмыс түрлерін орындаумен шектеледі. Еңбектің бұл түрінің ерекшелігі – оның бір сарындылығы, жұмыстың ырғағы мен қарқынының жоғары болуы, шығармашылық (творчестволық) бастамасының болмауы. Еңбектің бұл түріне тегістеушілердің, қалыпқа салушылардың, тігінші мотористтердің еңбегі мысал бола алады.

Егер еңбек үрдісі едәуір немесе толығымен автоматтандырылған болса, онда адам, автоматтар мен станоктарды үзіліссіз қадағалау және ақауларын дер кезінде жою жолымен, олардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс.Бұл жұмыс адамның ақыл ойының және сенсорлық күш салуын қажет етеді. Адам ағзасы үнемі «оперативті күту» жағдайында болады, жұмыстың бір сарындылығы қажудың дамуын жылдамдатады (станокшылардың, тоқымашылардың және басқалардың еңбегі).

Өндірістік үрдістер мен механизмдерді басқарумен байланысты еңбек түрлері. Еңбектің бұл түрлерінде адам басқару жүйесіне қажетті оперативті буын ретінде қосылады – үрдіс қаншалықты автоматталған болса, оның қатысы соншалықты көп болады. Өндірістік үрдісті басқарудың негізгі екі түрін ажыратады: бір жағдайларда басқару пульттері жиі адамның белсенді әрекетін қажет етеді, ал басқа жағдайларда - сирек қажет етеді. Бірінші жағдайда жұмысшының үзіліссіз назар салуы көптеген қозғалыстар кезінде немесе сөйлеу актілерінде бәсеңдейді, ал екіншісінде жұмысшы әрекет етуге дайын жағдайда тұрады, ал оның реакциялары аз болады.

Интелектуалды еңбек түрлері (Ой еңбегінің түрлері). Бұл еңбек түрі материалдық өндіріс саласына жататын (құрастырғыштар, инженерлер, техниктер, диспетчерлер, операторлар және т.б.), сондай ақ оған жатпайтын (дәрігерлер, мұғалімдер, жазушылар, әртістер, суретшілер және т.с.с.) мамандық түрлерінен тұрады. Ой еңбегі әдетте есте сақтауды, зейін қоюды жұмылдыра отырып үлкен көлемдегі әр түрлі ақпараттарды өңдеу қажеттілігімен, стресс жағдайларының едәуір жиілігімен сипатталады. Бұлшықетке түсетін жүктеме онша көп емес – энергия шығыны тәулігіне 10-11,7 МДж (2400-2000 ккал). Еңбектің бұл түріне гипокинезия тән, ол ой еңбегімен айналысатын адамдарда жүрек-тамыр патологиясын қалыптастыратын жағдайлардың бірі болып табылады.

Ой еңбегінің түрлері операторлық, басқарушылық, шығармашылық, медицина қызметкерлерінің, оқытушылардың, оқушылар мен студенттердің еңбегіне бөлінеді.

Операторлық еңбек жоғары жауапкершілікпен және шамадан артық жүйкелік-эмоционалдық күш салумен ерекшеленеді, мысалы телефонда жұмыс істеушілердің еңбегі.

Басқарушылық еңбек ақпараттардың көлемінің шамадан артық көбеюімен, оны өңдеу үшін уақыт тапшылығының өсуімен, қабылдаған шешіміне өз басының жоғары жауапкершілігімен, жиі - жиі шиеленіс тудыратын жағдайларының болып тұруымен сипатталады.

Шығармашылық еңбек (ғылыми жұмысшылар, жазушылар, композиторлар, әртістер, суретшілер, сәулетшілер, конструкторлар) – бұл едәуір есте сақтауды, зейін қоюды, күш салуды қажет ететін, жүйкелік-эмоционалдық зорлану дәрежесін жоғарлататын ең күрделі еңбек түрі.

Оқытушылар мен медицина қызметкерлерінің еңбегі адамдармен үнемі қарым-қатынаста болумен, жоғары жауапкершілікпен, дұрыс шешім қабылдау үшін уақыт және ақпарат жеткіліксіздігімен сипатталады, бұлар жоғары дәрежеде жүйкелік-эмоционалдық зорлануға әкеп соғады.

Оқушылар мен студенттердің еңбегінегізгі психикалық қызметтердің (есте сақтау, зейін қою, қабылдау, күйзеліс жағдайларының болуымен) зорлануымен сипатталады.

Сонымен, кез-келген еңбек іс әрекеттерін орындау, айқындылық дәрежесі әр түрлі дене жұмысы (бұлшық ет) және жүйке жүйесіне түсетін жүктемелерінің әсер етуімен байланысты болады.

Дене жұмысының екі түрін ажыратады: динамикалық және статикалық. Статикалық жұмыс кезінде бұлшықет күші жұмыс кезіндегі дене қалпын сақтауға және еңбек құралдары мен заттарын қозғалтпай бекітіп ұстап тұруға бағытталады. Бірінші жағдайда бұлшықеттердің тоникалық жиырылуымен, екіншісінде – олардың ұзындығы өзгермей, тетаникалық жиырылуымен қамтамасыз етіледі.

Динамикалық жұмыс – жүкті тасуға, және де адамның өз денесін немесе оның бөліктерін кеңістікте қозғалуына әкелетін бұлшық еттердің жиырылу үрдісі. Динамикалық дене жұмысын жергілікті, аймақтық және жалпы (глобальды) деп бөледі. Жергілікті бұлшықет жұмысын орындау үшін, адам денесіндегі бұлшықеттердің ⅓- кем бөлігі (көбінесе екі қолдың бұлшықеттері) қатысады, аймақтықта- ⅓ - ден ⅔ - ге дейінгі бөлігі, (көпшілік кеуде еттері мен екі қолдың еттерінің қатысуымен, сонымен қатар, үлкен жүктерді тасымай жүру), жалпы бұлшықет жұмысында -⅔- артық бөлігі қатысады (тұлға бұлшықеттерінің және екі қол бір аяқ, немесе екі аяқ бір қол,немесе екі аяқ екі қол еттерінің қатысуымен). Статикалық жұмыс, динамикалық жұмысқа қарағанда, тез қажытады, себебі бұлшықеттерге күш түсуі демалыссыз, үзіліссіз жүреді. Оның үстіне, жұмыс істеп жатқан бұлшықеттердегі қан айналымының қиындауына байланысты, олардың энергиямен қамтамасыз етілуі, көп мөлшерде сүт қышқылының жиналуымен жүретін анаэробты үрдістер есебінен іске асады.


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 798 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.01 сек.)