АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 36 страница

Қимыл белсенділігінің созылмалы жеткіліксіздігі балалар денесінің қалыпты өсуін тежейді, өмір сүруінқамтамасыз ететін барлық жүйелердің жаттығуына кедергі келтіреді және ағзаның күйзеліс жағдайларға және қоршаған ортаның қолайсыз факторларының әсеріне төзімділігін төмендетеді. Гипокинезия әсіресе мектеп жасындағы балаларда көп таралған, оларда ол 50% дейін жетеді. Бірақ, гипокинезия жалғыз ғана «мектептік фактор» емес. 19-шы жүзжылдықтың өзінде-ақ, міндетті түрде оқудан пайда болатын «мектеп аурулары» деп аталатын аурулар: алыстан көрмеушілік, мүсіннің бұзылуы, омыртқаның қисаюы және т.б. белгілі болған. Қазіргі кезде «мектептік факторлардың» спектрі шексіз өсті және олардың сапасы да өзгерді. Бірінші орынға, шамадан артық оқу және ақпараттық жүктемелер, сонымен қатар, қимыл белсенділігінің едәуір шектелуі, күн тәртібінің бұзылуы, өмірдің компьютерленуі және онымен байланысты мәселелер шығады.

Сонымен бірге, оқыту және тәрбиелеу жағдайларының: бөлмелердің сыйымдылығы мен жоспарлануы, жарықпен қамтамасыз етілуі, микроклиматтық комфорт, жиһаздар үйлесімділігі және т.б. сияқты факторлар да өзекті болып қалып отыр. Мектептік факторлардан бастауыш сыныптардағы балалар аурушаңдығының 12 % жуығы қалыптасады, ал мектеп бітірер кезде бұл шама 2 есеге дейін дерлік өседі.

Балалар мен жасөспірімдер денсаулығына табиғи және антропогендік текті экологиялық факторлар да айқын әсер етеді, соның ішінде балалар аурушаңығының 20%-ға жуығы антропогендік факторлармен анықталса, табиғи-климаттық факторлармен тек 10% ғана анықталады. Қоршаған ортаның антропогендік факторлары тарапынан адамға түсетін қысым, бүгінгі таңда, адамның бейімделу мүмкіншіліктерінен әлдеқайда жоғары, себебі адамға бұрын-соңды табиғи жүйеде кездеспеген, бір емес, бірнеше факторлар бір уақытта әсер етеді. Қоршаған орта сапасының күрт нашарлауы, тазалау аудандармен салыстырғанда, ластанған аудандарда балалардың дене дамуының кешеуілдеуіне және жалпы аурушаңдықтың 40-60% жоғарылауына әкеледі. Жекелеген өнеркәсіпті аудандарда қоршаған орта нысандарының жоғары ластану деңгейі, әр түрлі ластағыштардың өзіне тән эффектілердің пайда болу себебіне айналады. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік аудандарында қалыптасқан техногенді фторлы провинцияларда тұратын көптеген балаларда флюороздың белгілері, ал қоршаған ортаның ауыр металдармен ластану деңгейі жоғары Шығыс Қазақстан облысында, қорғасынның созылмалы әсерінің белгілері байқалады. Әлі толық зерттелмеген, бірақ, олардың дамуы қоршаған ортаның ластануына байланыстырылатын: балалар алопециясы, «сары балалар», «балаларда уақытынан ерте пайда болатын кәрілік», «созылмалы қажу синдромы» және басқа да балалардың жаңа аурулары тіркелген. Қоршаған ортаның ластағыштары мутацияның салмағын арттырады. Семей ядролық полигоны, Арал маңына жақын орналасқан экологиялық апат аймақтарында тұратын балаларда, ластанбаған аудандарда тұратын балаларға қарағанда, хромосомдық аберрациялар мен көп мүшелі созылмалы аурулар 3 есе жиі кездеседі (Чой С.В., 2003). Әрбір оныншы бала генетикалық кемістікпен өмірге келеді.

Сонымен, балалардың денсаулық жағдайына, үлесі біркелкі емес, көптеген факторлар әсер етеді. Бірақ, олардың әсерлерінің жиынтығы қазіргі уақыттағы балалардың денсаулық әлеуетінің едәуір және қауіпті түрде төмендеуіне әкеледі, сондықтан денсаулық бұзылыстарының алдын алу балалар мен жасөспірімдер гигиенасының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

3. Балалардың дене дамуын зерттеу және бағалау әдістері.

Дене дамуы баланың денсаулық жағдайының ең ақпаратты және сезімтал критерийлерінің бірі болып табылады. Дене дамуы деп әрбір нақты жас кезеңінде, баланың өсу және даму үрдістерін көрсететін, ағзаның морфологиялық және функционалдық сипаттамаларының жиынтығын айтады. Дене дамуын зерттеу үшін екі зерттеу әдісі қолданылады: жекелендірілген және жалпыландырылған. Жекелендірілген зерттеу әдісі жеке бір баланың дене дамуын зерттеу мен бағалау үшін жүргізіледі. Ол баланың туған күнінен 18 жасқа толғанға дейінгі дене дамуын жүйелі түрде және ұзақ уақыт бақылаудан тұрады. Әрбір жас кезеңінде баланың биологиялық даму деңгейінің күнтізбелік жасына сәйкес келуі және оның үйлесімділігі анықталады, ағзаға қолайсыз әсер ететін факторлар белгіленеді және қажетті сауықтыру шаралары жүргізіледі.

Жалпыландырылған зерттеу әдісі әр түрлі жас-жыныс топтарындағы балалардың дене дамуын зерттеу және бағалау мақсатында, балалардың үлкен контингенттерін бір мезгілдік жаппай тексеруден тұрады. Осы әдістің көмегімен балалар мен жасөспірімдердің өсу және дамуының жалпы заңдылықтары анықталады, дене дамуы көрсеткіштерінің аймақтық және жергілікті үлгілері (стандарттары) дайындалады, қоршаған орта факторларының балалар денсаулығына тигізетін әсері зерттеледі, тіршілік ету жағдайларына, оқу, дене шынықтыру тәрбиесі және еңбекке баулуды ұйымдастыруға қойылатын гигиеналық талаптар негізделеді.

Балалардың дене дамуын зерттеу үшін көрсеткіштердің үш тобы қолданылады: соматоскопиялық, соматометриялық және физиометриялық. Соматоскопиялық көрсеткіштерге баланы қарау кезінде бағаланатын көрсеткіштер: дене бітімінің түрі, май басу дәрежесі, бұлшық еттің тонусы мен дамуы, қаңқа сүйегінің, омыртқаның, кеуде торының, аяқтардың, табанның пішіндері, екіншілік жыныс белгілерінің дамуы жатады. Соматометриялық көрсеткіштерді дененің әр түрлі параметрлерін: дене, тұлға, аяқ-қолдардың ұзындықтарын, дене массасын, көкірек торының, бас, иық, сан шеңберлерін өлшеу және тістерінің санын санау жолдарымен анықтайды. Физиометриялық көрсеткіштер ағзаның функционалдық жағдайын сипаттайды. Әдетте, өкпенің тіршілік сыйымдылығын, қолдың және аяқбұлшық еттерінің күшін, артериалдық қан қысымын және жүректің соғу жиілігін анықтауды қолданады.

Алынған мәлеметтерді бағалауды жасына байланысты, нақты аймақтарға арналып дайындалған стандарттармен салыстырып, жүргізеді, себебі әр түрлі климаттық-географиялық жерлерде тұратын балалардың дене дамуының өзіндік ерекшеліктері болады. Дене дамуын бағалау үшін әр түрлі әдістер қолданылады: индекстер, сигмалық ауытқулар, Z – score шкаласы бойынша, регрессия шкалалары бойынша, кешендік, центильдік және басқалар. Индекстер әдісі дене дамуын бағалаудың ең алғашқы әдістерінің бірі, ол әр түрлі соматометриялық көрсеткіштердің, көбінесе дене массасы мен ұзындығы шамаларының арасындағы арақатынасы болып табылатын индекстерді санауға негізделген. Индекстердің 100-ден астамы белгілі, солардың ішінде кеңінен таралғандары Брок индексі мен Кетле-2 индексі. Кетле-2 индексі дене дамуын бағалау үшін басқа көрсеткіштермен бірге кеңінен қолданылады және көптеген елдерде қабылданған. Ол келесі формула бойынша анықталады: BMI (body mass index) = дене салмағы/ дене ұзындығы2 (кг/м 2). Басқа индекстерге қарағанда, Кетле-2 индексі әр түрлі жастағы балалардың дене ұзындығы мен дене массасының арақатынасын жеткілікті дәрежеде дәл көрсетеді, ал басқа индекстердің қолданылуын шектейтін негізгі кемшілігі, әр түрлі жас кезеңдеріндегі дене өлшемдерінің өзгеруі пропорционалды болмайды деген фактіні елемеу болып табылады. Бұл жағынан сигмалық ауытқулар әдісі бір қадам алға басқандық болып табылады. Дене дамуын бұл әдіспен бағалауды баланың дене дамуының көрсеткіштерін (массасын, дене ұзындығын, көкірек торының шеңберін және басқаларын) енді жас-жыныс топтарына тиісті стандартпен (М) салыстырып жүргізеді. Бұл көрсеткіштер стандарттан (үлгіден) қанша s-ға (s - орташа квадраттық ауытқу) ауытқығанын анықтайды да, ауытқу мөлшеріне байланысты дамуды 5 дәрежеге бөледі: орташа (М±1s); орташадан жоғары (1s<М£+2s); жоғары (М>2s); орташадан төмен (-1s<М£-2s) және төмен (М>-2s).

Даму дәрежесін анықтайтын негізгі критерийі дене ұзындығы болып табылады. Даму дәрежесінен анықтаудан басқа, дене массасы мен кеуде торы шеңберінің өзгеруі бой ұзындығына пропорционалдығын сипаттайтын үйлесімділігі де анықталады. Бұл әдіс бойынша, егер стандарттық ауытқуларымен берілген дене дамуы көрсеткіштерінің бір – бірінен айырмашылығы бір сигмадан аспайтын болса, онда дамуы үйлесімді болып саналады. Бірақ, бұл әдістің де кемшілігі бар: ол көрсеткіштердің өзара байланысын есепке алмайды, әрбір көрсеткіш жеке бағаланады. Сондықтан, қазіргі кезде сигмалық ауытқулар әдісі мүлдем қолданылмайды.

Z – score шкаласы – 10 жасқа дейінгі балалардың тамақтану статусын сипаттау үшін БДДҰ ұсынған, баланың дене дамуын бағалау әдісі. Бұл әдісте зерттелінетін көрсеткіш стандартты популяция медианасынан қанша сигмаға айырмашылығы бар екенін анықтайды.

Регрессия шкалалары бойынша дененің дамуын бағалау әдісінің сигмалық ауытқулар әдісінен айырмашылығы, дене ұзындығы мен дене массасы арасындағы, дене ұзындығы мен кеуде торының шеңбері арасындағы корреляциялық байланыстылықты есепке алады. Регрессия шкалалары - бұл әр түрлі жастағы балалардың дене ұзындығының әрбір мәнінің тұсында, осы ұзындыққа сәйкес болуы тиіс салмағы мен кеуде торы шеңберінің көрсеткіштері берілген бағалау кестелері болып табылады. Дененің даму деңгейін дене ұзындығы бойынша: орташа, орташадан жоғары, биік, орташадан төмен және төмен деп бөледі. Даму үйлесімділігін анықтау үшін, белгілі бір жастағы баланың берілген бойының ұзындығы кезіндегі іс жүзіндегі массасы мен кеуде торы шеңберінің осы көрсеткіштердің бойының ұзындығына сәйкес болуы тиіс мөлшерінен, қанша регрессия сигмасына (s R) айырмашылықтары бар екенін есептейді. sR – бұл, әрбір параметрге есептеліп қойылған статистикалық көрсеткіш. Оны басқа белгіге (бойының ұзындығына) байланысты жеке адам белгісінің (массасы, кеуде торының шеңберінің) тиісті мөлшерден ауытқуының өлшемі ретінде қолданады.. Егер масса мен кеуде торы шеңберінің көрсеткіштері ±1 sR мәнінен аспаса, онда дененің дамуы үйлесімді болып саналады. Сондай-ақ, май басу немесе басқа себептерден емес, бұлшық еттің жақсы дамуы мен қаңқа сүйектерінің ауырлығынан, дене массасы мен кеуде торының шеңбері тиісті болуы керек мөлшерден 1sR артық болса да, даму үйлесімді деп санау керек. Егер дене массасы мен кеуде торының шеңбері тиісті мөлшерден 1,1-2,0 sR аз немесе артық болса, онда морфологиялық-функционалдық жағдай үйлесімді емес болып есептеледі.

Егер дене массасы мен кеуде торының шеңбері тиісті болуы мөлшерден 2sR кем немесе артық болса, онда морфологиялық-функционалдық жағдайды үйлесімділігі күрт өзгерген деп анықтайды. Даму дәрежесі функционалдық көрсеткіштер - ӨТС, қолдың бұлшық етінің күші бойынша да бағаланады. Дененің дамуын жоғарыда аталған әдістермен бағалау соматометриялық көрсеткіштер бойынша ғана жүргізіледі және олар толық та, қатесіз де емес, өйткені басқа кемшіліктермен қатар, биологиялық дамудың жеткен деңгейі, яғни баланың биологиялық жасы есепке алынбайды. Биологиялық жасы деп баланың қазіргі сәтте жетікен морфологиялық - функционалдық даму деңгейіне сәйкес жасын түсінеді. Биологиялық жастың баланың төл құжаттық жасынан, яғни, туғаннан бастап, өмір сүрген жылдары, айлары, күндерінің сандарынан, біраз айырмашылықтары болуы мүмкін. Төл құжаттық жас биологиялық жастан озуы немесе артта қалуы мүмкін. Мысалы, 7 жастағы балалардың биологиялық жасы 4 жастан 10 жас ауытқуы мүмкін, яғни олардың ішінде кейбір балалардың биологиялық даму деңгейі 4-5 жасқа немесе 9- 10 жасқа сәйкес келетіндері анықталады.

Биологиялық дамудан артта қалуы немесе озып кетуі, әр түрлі аурулар дамуының қауіп-қатер факторлары немесе ағзадағы бұрыннан бар патологияның көрінсітері болып табылады. Биологиялық дамудың айқын артта қалуы, сондай-ақ, ағзаның функционалдық мүмкіншілігінің, жұмысқа қабілеттілігінің төмендеуімен, оқыту, дене еңбегі жүктемелерін орындау, спортпен шұғылдану кезінде кездесетін қиыншылықтармен жүреді.

Балалардың мұндай жағдайы диспансерлік бақылауды және ой еңбегі мен дене еңбегінің жүктемелерін дифференциалды түрде нормалауды қажет етеді. Жедел қарқынмен дамуы ағзаға жоғары талаптар қойып, гипертониялық түрдегі вегетативті-қан тамырлары реакцияларының дамуына, невроздық реакцияларға, аллергиялық реакцияларға бейімділікке, ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуіне, тез қажуға әкелуі мүмкін.

Биологиялық жасты бағалау үшін, әр түрлі көрсеткіштерді қолданады, соның ішінде, практикада ең жиі дене ұзындығы, дене ұзындығының жыл сайынғы қосылуы, тұрақты тістерінің саны, жыныстық жетілу дәрежесі сияқты көрсеткіштер қолданылады. Биологиялық даму дәрежесін анықтаудың ең дұрыс және көпшілік құптаған критерийі қаңқаның әр түрлі сүйектерінің сүйектену (оссификация) деңгейі (сүйектің сүйектенуіне сәйкес жас) болып табылады. Бірақ, сүйектену дәрежесі рентгенографиялық зерттеулер көмегімен ғана анықталатындықтан, бұл белгі медициналық көрсетілімдері болған кезде ғана қолданылады.

Биологиялық дамудың жеке критерийлерінің маңыздылығы әр түрлі жас кезеңдері үшін бірдей емес. Мектепке дейінгі және кіші мектеп жастарында дененің ұзындығы, дене ұзындығының жыл сайынғы қосылуы және тұрақты тістерінің саны биологиялық дамуды анықтайтын көрсеткіштер болып табылады. Орта және үлкен мектеп жастарында дене ұзындығы және оның жыл сайынғы қосылуы өзінің ақпараттылығын сақтайды, бірақ жыныстық жетілудің жеткен деңгейі биологиялық дамудың басты белгісі болып табылады. Жыныстық жетілу кезеңі (пубертаттық кезең) ұлдарда 10-нан 18 жасқа дейінгі, ал қыздарда 9-дан 17 жасқа дейінгі жас аралығын қамтиды. Жыныстық жетілу дәрежесі ұлдарда қолтықтың (Ax), қасағаның (P), беттің (F) түктенуі, дауыстың өзгеруі (V) және жұтқыншақтың өсуі (L) сияқты белгілермен бағаланады.

Қыздарда басталып келе жатқан жыныстық жетілудің бірінші белгісі сүт бездерінің өсуі (Ма) болып табылады, одан кейін қасаға мен қолтықтың түктенуі және алғашқы етеккір (менархе -Ме) пайда болады. Белгілердің әрқайсысы өздерінің дамуында бірнеше сатылардан өтеді, сондықтан пубертаттың әр түрлі жас кезеңдеріне өзінің жыныстық формуласы тән (9.3.- кесте).

Кесте

Оқушылардың биологиялық даму деңгейінің көрсеткіштері.

Жасы Дене ұзындығы, см Дене ұзындығының жыл сайынғы қосылуы, см Тұрақты тістерінің саны Екіншілік жыныстық белгілерінің даму дәрежесі
Ұлдар
  М 7 ±δ 4 – 6 7 ±3  
  М 8 ±δ 4 – 6 12 ±2  
  М 9 ± δ 4 – 6 14 ± 2  
  М 10 ±δ 4 – 6 18 ± 3  
  М 11 ± δ 4 – 6 20 ±4 АХо Р0
  М 12 ± δ 4 – 6 24 ± 3 АХо Р0, 1, V1
  М 13 ± δ 7 – 10 27 ± 1 АХо Р1, V1, L 0, 1
  М 14 ± δ 7 – 10   АХ1 Р2, V1, 2F 0, 1 L 0, 1
  М 15 ± δ 4 – 7   АХ2 Р3, V2, F1, L 0, 1
  М 16 ± δ 3 – 4   АХ3 Р3, V2, F1, 2L2
  М 17 ±δ 1 – 2   АХ3 Р4, V2, F2, 3L2
Қыздар
  М 7 ± δ 4 – 5 9 ± 3  
  М 8 ± δ 4 – 5 12 ± 3  
  М 9 ±δ 4 – 5 15 ±3  
  М 10 ±δ 4 – 5 19 ±3  
  М 11 ± δ 6 – 8 21 ±3 АХ0, 1Р0, 1Ма 1
  М 12 ± δ 6 – 8 25 ±2 АХ1, 2Р1, 2Ма 2
  М 13 ± δ 4 – 6   АХ2, 3,Р 2,3Ма 2,3 menses
  М 14 ± δ 2 – 4   АХ2,3Р3, Ма3 menses
  М 15 ± δ 1 – 2   ÀХ3, Р3, Ма3 menses
  М 16 ± δ 1 – 2   АХ3, Р3, Ма3, 4 menses
  М 17 ±δ 0 – 1   АХ3, Р3, Ма4 menses
                 

 

Бала ағзасының биологиялық даму деңгейімен қатар, морфологиялық-функционалдық көрсеткіштерін, олардың өзара байланысын бағалауға мүмкіндік беретін әдіс - дене дамуын бағалаудың кешенді әдісі. Ол 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңінде, жоғарыда көрсетілген белгілер бойынша баланың биологиялық жасы бағаланады. Биологиялық даму жөнінде қорытындының 3 түрі болуы мүмкін: биологиялық жасы төл құжаттық жасына сәйкес келеді, төл құжаттық жастан артта қалған немесе озып кеткен.

Биологиялық жастың артта қалғандығы немесе озып кеткендігі жөнінде, көпшілік көрсеткіштері бойынша 2 немесе одан да көп жасқа артта қалуы, әлде озып кетуі болса ғана, айтуға болады. Кешенді әдістің екінші кезеңінде регрессия шкалалары бойынша даму үйлесімділігі анықталады. Биологиялық дамудың - жасына сәйкес, жасынан артта қалған немесе озып кеткен - кез келген деңгейінде, дененің дамуы үйлесімді, үйлесімді емес, үйлесімділігі күрт өзгерген болуы мүмкін (9.4.- кесте).

Кесте

Балалардың дене дамуын кешендік әдіспен бағалау сызбасы

 

Даму үйлесімдлігі Морфологиялық-функционалдық жағдайы Биологиялық даму деңгейі
Дене массасы, кеуде торының шеңбері Өкпенің тіршілік сыйымдылығы, қолдың бұлшық етінің күші
Үйлесімді Бұлшық еттің жақсы дамуы есебінен М±σ R және одан жоғары     М±σ және одан да жоғары     Жасына сәйкес
Жасынан озған
Жасынан артта қалған
Үйлесімді емес М-1,1 σ R ден М-2,0 σ R дейін М+1,1 σ R ден М+2,0 σ R дейін, жоғары мөлшерде май жиналудан М-1,1 σ ден М- 2,0 σ дейін Жасына сәйкес
Жасынан озған
Жасынан артта қалған
Үйлесімділігі күрт өзгерген М-2,1 σ R және одан да төмен М+2,1 σ R және одан да жоғары, артық мөлшерде май жиналудан М-2,1 σ және одан да төмен Жасына сәйкес
Жасынан озған
Жасынан артта қалған

 

Қазіргі кезде дене дамуын бағалаудың центильдік әдісі кеңінен таралған. Ол әдістің ерекшеліктеріне жеткілікті дәрежеде объективтілігі, қарапайымдығы және қолданылу ыңғайлығы, қосымша есептеулер жүргізудің қажеті болмауы жатады. Әдетте, әрқайсысы жеке қарастырылатын, бірнеше белгілері: дене ұзындығы мен массасы, BMI, кеуде торының шеңбері, тері асты май қабатының қалыңдығы, қол бұлшық етінің күші, ӨТС, артериалық қан қысымы, пульс жиілігі және т.б. құрамына кіретін, бір өлшемді центильдік шкалалар қолданылады. Екі өлшемді центильдік шкалаларда даму үйлесімділігін анықтауға мүмкіндік беретін, дене дамуының 2 басты белгілері: дене ұзындығы мен массасының өзара байланысы берілген. Центильдік әдісте кез келген белгінің барлық мөлшерлерін, мысалы, белгілі бір жастағы балалардың дене массасының мөлшерлерін кіші мәнінен үлкеніне қарай өсу реті бойынша реттелген түрдегі қатарда орналастырады. Бұл қатарды 100 бөлікке (центилььдерге) бөледі. Әдетте, центильдік кестелерде барлық центильдер емес, тек қана 7 белгіленген – 3, 10, 25, 50, 75, 90, 97 центильдер беріледі. Белгіленген центилььдер арасында 8 - центильдік аралықтар түзіледі. Бірінші аралыққа 0–3 центильдерге (өте төмен), екіншіге – 3–10 центильдерге (төмен), үшіншіге – 10–25 центильдерге (төмендеген), төртіншіге – 25–50 центильдерге (орташа), бесіншіге 50-75 центильдерге (орташа), алтыншыға – 75–90 центильдерге (жоғарылаған), жетіншіге – 90–97 центильдерге (жоғары) және сегізіншіге 97–100 центильдерге жататын (өте жоғары) белгілердің мөлшерлері кіреді. Баланы тексеріп, оның даму көрсеткіштерінің мөлшері, аралықтардың қайсысына кіретінін анықтайды. Дене дамуының қалыпты түріне 3–6 аралықтар арасындағы, яғни 10 - 90 центильдер зонасында жататын және сау балалардың 80%–да кездесетін белгілер жатады..


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 1152 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.007 сек.)